Қазақстандықтар Президентке қаншалықты сенеді – әлеуметтік сауалнама нәтижесі

Қазақстандықтар Президентке қаншалықты сенеді – әлеуметтік сауалнама нәтижесі
pixabay.com

Қазақстанда Президент Қасым Жомарт Тоқаевқа деген сенім деңгейі 86,7%-ды құрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мұндай мәлімет Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 2026 жылғы сәуір айында жүргізілген қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижесінде белгілі болды.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, ел Президентіне деген сенім көрсеткіші соңғы жылдары тұрақты жоғары деңгейде сақталып келеді. ҚСЗИ мәліметінше, бұл қоғамның елді жаңғыртуға және жүйелі реформалар бағытына тұрақты қолдау білдіретінін көрсетеді.

Сауалнама нәтижесінде Президентке ең жоғары сенім деңгейі жастар арасында тіркелген. Атап айтқанда, жастардың 91,4%-ы Мемлекет басшысына сенім білдірген.

Зерттеушілер мұны жастардың мемлекет ұсынатын білім гранттарын, түрлі бағдарламаларды, цифрлық қызметтер мен қолдау тетіктерін белсенді пайдалануымен байланыстырады. Сонымен қатар бүгінгі жастар елдің қарқынды даму кезеңінде қалыптасып келе жатқаны да олардың көзқарасына әсер еткені айтылған.

Қала және ауыл тұрғындары арасында да Президентке деген сенім деңгейі жоғары болып қалған.

Атап айтқанда:
— қала тұрғындарының 86,9%-ы;
— ауыл халқының 86,7%-ы Президентке сенім білдірген.

Зерттеу авторлары сенім деңгейі ұқсас болғанымен, оның мазмұны әртүрлі екенін атап өтті.

Ауыл тұрғындары мемлекетпен көбіне инфрақұрылымдық жобалар, әлеуметтік бағдарламалар мен төлемдер арқылы байланыс орнатса, қала тұрғындарының сенімі жүйелі өзгерістерді қабылдау және олардың нәтижелерін бағалаумен көбірек байланысты екені айтылған.

Сауалнама барысында әйелдер арасында Президентке сенім деңгейі ерлерге қарағанда 3,8%-ға жоғары екені анықталған.

Сонымен қатар білім деңгейіне қарай жүргізілген талдау Президентке деген сенім көрсеткішінде айтарлықтай айырмашылық жоғын көрсеткен.

ҚСЗИ мәліметінше, респонденттердің білім деңгейіне қарамастан, бұл көрсеткіш барлық топта тұрақты жоғары деңгейде сақталған.

Зерттеу нәтижесінде азаматтардың сатып алу қабілеті артқан сайын Президентке деген сенім деңгейі де өсетіні байқалған.

Сарапшылар мұны халықтың экономикалық жағдайды оң бағалауы мен Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын қолдауы арасындағы өзара байланыспен түсіндіреді.

«Алынған деректер Президентке деген сенімнің тұрақты сипатқа ие екенін және оның білім деңгейіне тәуелді еместігін, қала мен ауыл тұрғындары арасында айтарлықтай айырмашылық байқалмайтынын, сондай-ақ барлық жас топтарында жоғары екенін көрсетеді. Бұл өз кезегінде елді дамыту саясатына жүйелі қоғамдық қолдаудың бар екенін айғақтайды», – делінген зерттеу қорытындысында.

Әлеуметтанулық сауалнама ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2026 жылғы 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында жүргізілген.

Іріктемелік жиынтық көлемі — 8 мың респондент.

Сауалнамаға 18 жастан асқан азаматтар қатысқан. Зерттеу еліміздің 17 облысын және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қамтыған.