Алматыда өрт неліктен көбейді?

Dalanews 09 қар. 2016 02:09 760

Алматыда осындай оқыс оқиғалар жиілеп кеткені жасырын емес. Осы мәселесе турасында қаланың төтенше жағдай қызметкерлері түсініктеме берді. Олар жекеменшік нысандарды қалаған уақытында тексере алмай, жоспардан тыс бақылау жүргізу үшін нақты себеп болуы қажет екенін айтты деп КТК арнасы хабарлайды.

Жаңадан тіркелген ғимараттарға құтқарушылар 3 жыл бойы мүлдем аяқ баса алмайды. Сондықтан бір ғимараты күлге айналған «Алматы Тауэрсті» мамандар тек келер жылы тексермек болған.

Қоғамдық орындардағы өртке бірден-бір себеп – қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы. Бүгінде кәсіпкерлердің көбі заңмен тыйым салынған қондырғылармен жұмыс істейді. Бірақ құтқарушылар мұның бірін білсе, бірінен мүлдем бейхабар.Әсіресе, жүгенсіз кәсіпкерлер бағасы арзан газ баллонына құмар. Мәселен, жазда өртке оранған бір асхананың өзінен құтқарушылар 14 баллонды санап шығарыпты. Бірақ бұған қарамастан, мамандар жекеменшік нысандарға кез келген уақытта тексере алмайды. Себебі, еш негізсіз, жоспардан тыс тексеру жүргізуге заң рұқсат етпейді.

Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Серік Әубәкіров:

– Еш себепсіз жекеменшік нысандарға жоспардан тыс тексеру жүргізе алмаймыз. Тек ғимараттың қауіпсіздігі туралы шағым түссе ғана нысан жіті тексеріледі. Бірақ бұлай шағымданатындар жоқтың қасы, – деді.

Мамандар аумағы 1500 шаршы метрден асатын нысандарды ғана тексеруге қауқарлы. Бірақ оның өзі жылына бір рет жүргізіледі. Сондықтан, құтқарушылар көбіне ғимарат иесін өрт қауіпсіздігі ережелерінен хабардар етумен шектеледі. Ережені тиісті деңгейінде сақтап жүрген мұндай кәсіпкерлер қазір бірен-саран. Себебі, талапқа сай құрылғылардың бағасы арзан емес. Негізі әр нысанда өртке қарсы құралдар болуы шарт. Бұған қоса, көпқабатты үйдің астында орналасқан қоғамдық орындарда тек электрондық пештер қолданылуы қажет.

Ал кәсіпкер, мейрамхана директоры Дулат Ғазизов:

– Өрттің алдын-алу үшін қажетті барлық құрылғыларды сатып алдық. Ғимаратта от атымен жоқ. Тамақтар электрондық пешпен пісіріледі. Әрине, мұның бәріне қыруар қаржы кетті, – дейді.

Қазір қоғамдық орындардың көбінде өртке қарсы жүйе атымен жоқ. Мәселен, бірер күн бұрын ғана күлге айналған «Алматы Тауэрсте» де мұндай жүйе іске қосылмаған. Бұған қоса, нысан 3 жыл бойы арнайы тексерістен өтпеген. Себебі, құтқарушылар заңға сәйкес  ғимаратты келер жылы ғана тексермек болған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар