Алматыда Оразалы Ержанов ұсталды деген ақпарат тарады: полиция не дейді?

Сағыныш Сардарова 26 ақп. 2026 14:26

Алматыда қоғам белсендісі Оразалы Ержанов ұсталды деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, әлеуметтік желілерде шетелдік юрисдикцияда тіркелген байланыс нөмірлерін пайдалану арқылы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат, референдумға бойкот жасауға шақыру және азаматтарды жаңылыстыруға бағытталған өзге де мәлімет жарияланғаны анықталған.

"Бұл дерек бойынша сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру дерегі негізінде қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ретінде Алматы қаласының тұрғыны ұсталды. Оның әрекетіне түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижесінде беріледі", - деді полиция.

Айта кетейік, Оразалы Ержанов - Elge Qaitaru қоғамдық қорының құрылтайшысы әрі жетекшісі. Бұл қор шетелге заңсыз шығарылған активтерді елге қайтаруға жәрдемдесумен айналысады.

Оразалы Ержанов әр жылдары Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары, қаржы вице-министрі, "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы, Халық банкі төрағасының орынбасары, KEGOC вице-президенті, сондай-ақ, "Наурыз банкінің" басқарма төрағасы қызметін атқарған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove