Алматыда медицина қызметкері науқас әйелді тонап кетті

Қаракөз Амантай 11 қаз. 2024 11:04 2749

Алматыда медицина қызметкері жедел жәрдем көлігінде ес-түссіз жатқан науқастың бағалы бұйымын қолды еткен, деп хабарлайды Dalanews.kz агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

Денсаулығы нашарлаған әйел шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Сонда науқастың ұлы анасының мойнында құны 500 мың теңге тұратын алтын алқаның жоқ екенін байқаған. Ол полицияға арыз жазған. Тәртіп сақшылары жедел жәрдем көлігіндегі бейнекамераны тексеру барысында науқастың мойнындағы алқаны фельдшердің шешіп жатқанын көрген. 

Медицина қызметкері жанында адамдардың жоқтығын пайдаланып, алтын алқаны шешіп, оны ломбардқа өткізіп жіберген. 

Соңғы ақпараттарға сүйенсек, науқастың қазіргі жағдайы жақсы. Ұрланған алқа да иесіне қайтарылды. Ал ұрлық жасаған фельдшер шұғыл түрде жұмыстан шығарылды.

“Аталған факті бойынша Түрксіб аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігіне сәйкес (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Сол күні фельдшер ұсталып, бейнежазба тәркіленіп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді”, – деді Түрксіб ауданы прокуратурасының бөлім бастығы Адлет Қуандықов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар