Алматыда көз жұмған полицейдің артында бір жасар қызы мен жүкті әйелі қалды

Dalanews 21 шіл. 2016 09:44 840

Алматыдағы теракт кезінде қаза болған полицей Мақсат Сәлімбаевтың артында бір жасар қызы мен жүкті әйелі қалды. Полицияның кіші сержанты болған бауыры туралы Today.kz тілшісіне марқұмның әкесінің қарындасы айтып берді.

"Мақсаттың артында бір жасар қызы қалды, әйелінің ішінде төрт айлық бала бар. Ол Әскерден борышын өтеп келген соң келісім шарт бойынша Ұлттық ұланда қызмет етті. 2016 жылдың сәуірінен Алматы қаласы ІІД жол-патрульдік полициясына қызметке тұрған. Ол өте ақкөңіл, бауырмал еді, достарының арасында лидер болатын, осы қасиетінен оққа ұшып отыр ғой", - дейді Балерке Өтепова.

18 шілдедегі жағдай туралы ести сала туыстары бірден Мақсат Сәлімбаевқа қоңырау шалған, бірақ ол тұтқаны көтермеген.

"... Кейін, қаза болған полицейлердің бірі Мақсат екенін білдік", - деп көз жасын тоқтата алмады әпкесі.

Мақсат Сәлімбев өз отбасымен алматыда пәтер жалдап тұрған. Әр демалыста Жамбыл ауданы Қаракәстек ауылындағы ата-анасының үйіне барып тұрған.

"Үйлерінде бес бала, Мақсат ұлдардың үлкені. Үш қыз, екі ұл еді, қазір бір ұл ғана қалды ғой. Әкесінің қол қанаты болатын, бауырларына көмектесіп жүретін. Мен генералға дейін өсем дейтін. Іштегі баласы ұл болса дейтін, мақтанып", - дейді Балерке Өтепова.

Мақсат Сәлімбаевты 20 шілде күні сағат 10:00-де Қаракәстек ауылында жерлейді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар