АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығының құрылысын жүргізуге келетін америкалық мамандарға үш жылдық виза беріледі. Бұл туралы Сенат отырысында ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Бас консулдықтың құрылысымен айналысатын америкалық мамандарға виза үш жылға беріледі және кейін оның мерзімін ұзарту мүмкіндігі қарастырылған", – деді Рахметуллин Алматыда АҚШ консулдығы салынатын жер телімін жалға беру туралы келісімге қатысты депутаттардың сауалдарына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, келісімге сәйкес, АҚШ-тан келетін жұмысшылар Қазақстанда еңбек ету үшін үш жылдық виза алуға міндетті. Егер олар еліміздегі визалық талаптарға сәйкес келмесе, онда Қазақстан заңнамасы аясында шешім қабылданады. Қажет болған жағдайда, мұндай виза беруден бас тартуға дейінгі шаралар қолданылуы мүмкін.
"Алайда мұндай жағдай туындаған күннің өзінде, мәселе Қазақстан мен АҚШ арасындағы консультациялар арқылы шешіледі", – деп толықтырды Рахметуллин.