Алматыда жұмбақ жағдайда көз жұмған Ақнәр Гүлстанға қатысты тың дерек белгілі болды

Қаракөз Амантай 29 мам. 2025 14:53

Алматыда жұмбақ жағдайда қайтыс болған Ақнәр Гүлстанның анасы мен адвокаты баспасөз мәслихатында қыздың өліміне қатысты жаңа деректерді жариялап, бұл істің қасақана жасалған қылмыс екенін дәлелдейтін бейнематериалдар бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Адвокат Инга Иманбайдың айтуынша, 2024 жылы 12 сәуірде Ақнәрді бір азамат пәтерде заңсыз ұстап, оған психологиялық және сексуалдық зорлық-зомбылық көрсеткен. Бұл оқиға бейнежазбаға түсірілген.

“Ақнәрға қатысты тағы бір дерек анықталды. 12 сәуір күні ол бір азаматтың пәтерінде заңсыз түрде ұсталып, оған психологиялық әрі сексуалдық қысым жасалған. Бұл оқиға бейнежазба арқылы тіркелген. Біз бұл жазбаны міндетті түрде тергеу органдарына тапсырамыз. Жазбаны мынадай баптар бойынша сараптауды сұраймыз: заңсыз бас бостандығынан айыру, зорлықсыз сексуалдық сипаттағы әрекеттер, өзін-өзі өлтіруге итермелеу, ар-намысты қорлау мен таптау, бөтеннің жеке заттарын заңсыз иелену”, — деді адвокат.

Бейнежазбада Ақнәрдің пәтерден кетуге тырысып жатқаны, бірақ оған физикалық күш қолданылып, кетуге мүмкіндік берілмегені көрінеді. Сонымен қатар оған сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасалып, ар-намысы мен қадір-қасиеті қорланған.

“Оның келісімінсіз денесіне, интимдік жерлеріне қол тигізген. “Секір” деген сөздермен және ашық тұрған терезе арқылы психологиялық қысым көрсетілген. Ар-намысына тіл тигізіп, дөрекі сөздер айтылған. Телефоны мен сөмкесі де қайтарылмаған. Ол кеткісі келіп тұрғаны бейнежазбада анық көрінеді.

Бұдан бөлек, таңғы сағат үш кезінде әлгі екі қыздың жанында адвокат болғаны анықталды. Бұл жайт та көп сұрақ туындатады”, — деді Инга Иманбай.

Баспасөз мәслихатында Ақнәрдің анасы мен адвокаты бұл қылмыстың алдын ала жоспарланғанын және қасақана жасалғанын дәлелдейтін жаңа материалдарды ұсынды. Олар бейнежазбада көрінетін бір ер адамның екі қызбен бірге әрекет етіп, қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін екенін айтты. Бұл екі қыз Ақнәрдың өліміне байланысты тергеу барысында куәгер ретінде танылған.

Бұған дейін, осы іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқан кезде, Ақнәрдың өліміне қатысты екі қыздың қорғаушылары оның өзін-өзі өлтіруге бейім болғанын және олар оны тыныштандыруға тырысқанын мәлімдеген болатын. Алайда Ақнардың анасы мен адвокаты бұл ақпаратты жоққа шығарып, оны жалған деп атады.

Еске салайық, Алматыда 2024 жылы 20 шілдеде Ақнәр Хамит көпқабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан құлап, қайтыс болған. Тергеу бұл оқиғаны "өзін-өзі өлтіру" бабымен тіркеген. Алайда жақындары Ақнәрдің жетінші қабаттан құлап кеткеніне сенбейді. Олардың сөзінше, марқұм қаза тапқанға дейін денесінде азаптау белгілері болған.

Кейінірек марқұмның анасы Гүлстан Қамит Алматы қалалық тергеу органдары мен прокуратурасы бұл істі жеңіл баппен өзіне өзі қол жұмсауға итермелеу деп бағалап, шынайы тергеу жүргізбей отырғанын мәлімдеді.

Ал Алматы қалалық ПД мәліметінше, тергеу басқармасы былтыр шілдеде Алматы тұрғынының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғаған.

Осыған байланысты Ақнәр Гүлстанның ісі бойынша жәбірленуші тараптың адвокаты, заңгер Инга Иманбай мәлімдеме жасаған еді.

Оның сөзінше, миллион адам әділдікті күтіп отырғанда тергеуші демалыста жүр.

"Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанына он ай болды. Бірақ нақты нәтижеге әлі күнге дейін қолжеткізілген жоқ. Құқықтық тұрғыдан бұл істі қорғауыма алып, екі апта бұрын-ақ Ақнәрдің анасы Гүлстан Қамит атынан сенімхат жіберіп, тергеушіден тергеу материалдарымен танысуды сұрадым. Мақсатым – дәлелдемелермен танысып, қажет болған жағдайда қосымша өтініштер дайындап, тергеуге белсенді қатысу. Алайда арада екі апта өтті, тергеушіден жауап болмады. Бүгін хабарласқанымда, тергеуші еңбек демалысында екенін және тағы екі аптадан кейін ғана келуімді сұрады. Яғни тергеу материалдарын көру мүмкіндігі маған тек бір ай өткен соң берілуі мүмкін. Бұл уақытта миллиондаған адам әділдік сұрап отыр. Ал тергеуші демалыста", - деді ол.

Инга Иманбай бұл жағдайды тергеудің формалды жүргізілуінің, істі созудың, қоғамның сұранысына бейжай қараудың айғағы деп қабылдайтындарын жеткізді.

"Сондықтан біз Астанадан: Ақнәр Гүлстан ісінің тергелуін тікелей бақылауға алуды; Істі арнайы тергеу тобына беруді; Қазіргі тергеу барысына тәуелсіз баға беруді талап етеміз. Әділдік күте тұруға болатын нәрсе емес. Әсіресе, адам өмірі қиылған ауыр қылмыста", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар