Алматыда этика курсынан өткен жүргізушілерге қосымша үстемақы төленуі мүмкін

Қаракөз Амантай 13 ақп. 2025 15:30 1117

Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілеріне қойылатын талаптар күшейтіліп, жұмыс жағдайы жақсартылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қала әкімі Ерболат Досаевтың мәлімдеуінше, жүргізушілер жолаушылармен қарым-қатынас мәдениеті бойынша арнайы курстан өтеді. Бұл шара қоғамдық көліктегі қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.

Жүргізушілер жетіспеушілігі – басты мәселе

Әкімнің айтуынша, Open Almaty платформасына түскен өтініштерге қарағанда, қоғамдық көлік қызметі біршама жақсарғанымен, бұл салада әлі де шешілмеген мәселелер бар.

“Жүргізуші тапшылығы әлі де өзекті. Бұл олардың артық жұмыс істеуіне және қызмет көрсету сапасының төмендеуіне алып келеді”, – деді Досаев.

Жалақы өседі, этика курстары енгізіледі

Қоғамдық көлік сапасын арттыру мақсатында әкімдік жүргізушілердің жалақысын көтеру және міндетті этика курстарын енгізу туралы шешім қабылдады.

“Курстан өткен жүргізушілерге жалақыға қосымша үстеме ақы қарастырылады”, – делінген хабарламада.

Бұл шаралар жолаушыларға қызмет көрсету деңгейін жақсартып, қоғамдық көлік жүргізушілерінің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар