Алматыда білім беру саласына қосымша төрт млрд теңге бөлінеді

Қаракөз Амантай 30 қар. 2024 09:30 1057

Алматы қаласында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қосымша 8,3 млрд теңге бөлінеді. Оның 4 млрд теңгесі білім беру саласын дамытуға жұмсалмақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы мәслихаттың кезекті сессиясында Алматы қаласы Қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков мәлімдеді.

Бөлінген қаражаттың бір бөлігі білім беру нысандарын сейсмикалық нығайту және қайта жаңарту жұмыстарын аяқтауға бағытталады. Атап айтқанда, Си Синхай көшесіндегі және Бостандық ауданы Орбита-3 шағын ауданындағы балабақшаларды сейсмикалық күшейту және жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобаларды толық аяқтау үшін 2025 жылдың шілдесіне дейін қосымша 1 млрд теңге қарастырылған.

Сонымен қатар 9 білім беру нысанына құрылыс және қайта жаңарту бойынша конкурстық рәсімдерді өткізу үшін қаржы бөлінбек.

"Алатау және Наурызбай аудандарындағы 3 балабақша; Алатау, Бостандық, Медеу және Түрксіб аудандарындағы 5 мектеп; Алатау ауданының Саялы шағын ауданында 1 даму және шығармашылық орталығы бар. Сондай-ақ, 26 мектепті пәндік стендтермен және парталармен жарақтандыру көзделген. Осылайша, қосымша қаражат оқу жағдайларын жақсартуға және қаладағы білім беру сапасын арттыруға бағытталатын болады", – деді Қанат Сухамбеков.

Жалпы, бұл қаражат оқу жағдайын жақсартуға және білім сапасын арттыруға бағытталады.

Денсаулық сақтау саласына да қосымша 460 млн теңге бөлінді. Бұл қаржының басым бөлігі резидентура студенттеріне 120 грант пен стипендия төлеуге, сондай-ақ 7 медициналық колледжде 1 206 жаңа студенттің оқу ақысы мен стипендиясын қамтамасыз етуге жұмсалмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар