Алматыда әйел адамды итеріп жіберген Амантай қажы жазадан құтылып кетті

Көркем Алдабергенова 23 қыр. 2025 12:54

Алматыда 83 жастағы Амантай қажыға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Tengrinews.kz мәліметінше, Алмалы аудандық сотында қаладағы спорт кешендерінің бірінде әйелді баспалдақтан итеріп жібергені үшін айыпталған 83 жастағы Амантай қажының ісі қаралды.
 
Еске салсақ, шілде айында әлеуметтік желілерде Амантай қажы әйел адамды баспалдақтан итеріп жіберген сәттің видеосы тараған болатын.
 
Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сәйкес, құлаған әйел жамбас сүйегін сындырып алған.
 
Қасақана ма, абайсызда ма?
 
Бастапқыда тергеу ісі Қылмыстық кодекстің 107-бабы («Денсаулыққа қасақана орташа ауыр зиян келтіру») бойынша жүргізілген. Алайда 23 қыркүйектегі сот отырысында айыптаушы істі 114-баптың 3-бөлігіне («Денсаулыққа абайсызда ауыр зиян келтіру») қайта саралағаны белгілі болды.
 
Бұл бап бойынша:
•1000 АЕК-ке дейін айыппұл,
•400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс,
•бостандығын шектеу немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
 
Сот отырысы онлайн өтті. Істі судья Ернар Қасымбеков қарады.
 
Айта кетерлігі, жәбірленуші процеске қатыспады. Судьяның айтуынша, әйел істі медиациялық келісім негізінде тоқтату туралы өтініш берген.
 
"Жәбірленуші Амантай Асылбекке ешқандай шағымы жоқ екенін айтты. Өтінішінде ол моральдық және материалдық шығынның өтелгенін көрсеткен. Денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмайтынын да жазыпты", – деді судья.
Өтемақының нақты мөлшері жария етілмеді.
 
Жәбірленушінің өтінішін прокурор Қазыбек Асылхан, айыпталушы Амантай қажы және оның қорғаушысы Жаңғазы Күнсеркин қолдады.
"Мен адал әрі таза адаммын. Мен кінәлі емеспін. Ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, оны итерген де жоқпын", – деді Амантай қажы.
Кеңесу бөлмесіне кеткен судья Ернар Қасымбеков тараптардың татуласуына және шығынның өтелуіне байланысты істі тоқтату туралы шешім шығарды.
 
Бұған дейін Амантай қажы өз нұсқасын айтып, болған жағдайды «жалған айып» деп атаған еді. Оның сөзінше, бұл – жемқорлар мен мафияның оған қарсы ұйымдастырған қастандығы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар