Алматыда әскери борышын өтеп жүрген сарбаз үшінші қабаттан секіріп кетті

Dalanews 04 қаз. 2025 15:30

Алматыда мерзімді әскери қызметші көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің үшінші қабатынан секіріп кеткен. Оның аман қалғаны, қазір ауруханада екені белгілі, деп хабарлайды Dalanews.kz Zakon.kz-ға сілтеме жасап.

ҚР Ұлттық ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлағандай, No5571 әскери бөлімінде борышын өтеп жүрген сарбаз қатты күйзеліске ұшыраған.

"2025 жылдың 4 қазанында зардап шеккен сарбаз Алматы қалалық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Оған қажетті барлық медициналық шара көрсетілуде. Қызмет барысында дәрігерлер сарбазға "айналаға бейімделу бұзылысы" деген диагноз қойған. Ол әскерге шақырылғанға дейін жақын туысынан айырылған және одан ары өзінің қызмет етуге жарамдылығын анықтайтын әскери-дәрігерлік комиссияның шешімін күтіп жүрген", - деп хабарлады департаменттен.

Сондай-ақ Ұлттық ұлан бейнебақылау камераларына түскен жайт оған сырттан ықпалдың болмағанын растайтынын баса атап өтті.

Қызметтік тергеу басталып, мән-жайлар анықталуда.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі Алматы облысында көз жұмған 19 жастағы сарбаз Дінмұхаммедтің өліміне қатысты пікір білдірген болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар