Алматыда АЭС-тің салынуына қарсы шыққан алты белсенді қамауға алынды

Көркем Алдабергенова 02 қаз. 2024 11:20 1055

Алматыда АЭС-тің салынуына қарсы шыққан алты белсенді екі айға қамауға алынды, - деп хабарлайды Dalanews.kz
 
Бұл туралы қоғам белсендісі Абзал Достияров Facebook-парақшасында айтты. 1 қазанда түнгі 22:00 шамасында сот отырысы өтіп, жексенбі күні ұсталған алты белсендіні екі айға қамауға алу туралы шешім шыққан. 
"Нұрлан Жаулыбаев, Нұрлан Темірғалиев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықовты адвокат Төлеген Берліқожа қорғайды, ал Айдар Мүбараковты адвокат Ғалым Нұрпейсов қорғауына алды.
Алтыншы адамның аты-жөні белгісіз, ол Ерболат Әубәкіров болуы мүмкін, өйткені жексенбіде ұсталғанымен оның өзімен де, туыстарымен де байланыс жоқ.
Қамалғандардың үшеуі егде жастағы кісілер, олар 60-тан асқан Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай және Фазылжан Сыздықов.
54 жастағы Нұрлан Темірғалиевтің де денсаулығы нашарлап емделіп жүрген екен. Денсаулықтары нашар, үнемі дәрі ішіп жүретін кісілерді үйқамаққа шығара ма деген үміт болған", - дейді қоғам белсендісі Абзал Достияров. 
Еске салайық, жексенбі, 29 қыркүйекте Алматыда 12 белсенді жиналған болатын. Олар  Қазақстанда АЭС-тің салынуына қарсы шықты. Алтауы қолхатпен босатылса, алтауын полиция алып кетті. 
 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар