Жамбыл облысында құмар ойындарға қатысқаны үшін 4 мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жамбыл облысы прокуратурасы мәліметінше, жергілікті атқарушы органның лауазымды тұлғалары букмекерлік кеңсенің мобильді қосымшасы арқылы тұрақты түрде ақша тігіп отырған.
2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындар ойнауына, бәс тігуіне заңнамалық тұрғыдан тыйым салынған.
"Белгіленген шектеулерге қарамастан лауазымды тұлғалар құмар ойындарға қатысуды жалғастырып, осылайша заңнама талаптарын бұзып, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіріп, азаматтардың сеніміне селкеу түсірген. Мысалы, жергілікті атқарушы органның бір бас маманы ойын шотына 23 млн теңгеден аса қаражат аударған. Тәртіптік комиссияның шешімі бойынша 4 мемлекеттік қызметші теріс себептермен жұмыстан босатылды", - деп жазылған хабарламада.