Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Бір өңірде оқушылардың ас мәзіріне шұбат қосылды

Бір өңірде оқушылардың ас мәзіріне шұбат қосылды
Бекзат Исамберген/Baribar.kz

Маңғыстау облысында мектеп оқушыларының ас мәзіріне шұбат қосылды. Қазақстанда алғаш рет қолға алынған пилоттық жоба әзірге Жаңаөзен қаласында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz Информбюро 31-ге сілтеп.

Телеарна мәліметінше, қарашадан бастап Жаңаөзендегі 25 мектептің ас мәзіріне шұбат қосылған. Қазір сусынды екі аптада бір рет бастауыш сынып оқушылары ішіп жүр. Әр балаға мөлшері 200 грамм болатын жеке бөтелке беріледі.

"Ертеден бастап ата-бабаларымыздың сусыны болғандықтан, біздің балаларымыз бұл сусынды ішуге төселген. Қазір - күздің соңғы айы, балаларда иммунитет төмен. Қыс басталып жатыр. Бұл шұбатты мектепке әкелген кезде ең бірінші оның сапасына қараймыз. Оның барлығын қарап отыратын арнайы медбикеміз бар, комиссиямыз бар", - дейді Жаңаөзен мектеп-гимназиясының директоры Күләш Жүгенбаева.

Балаларға арналған шұбат Жаңаөзен қаласындағы сүт зауытында өндіріледі. Шикізат жергілікті шаруа қожалықтарынан жеткізіледі.

Қазір Жаңаөзен мектептерінде 15 мыңнан аса оқушы шұбат ішіп жүр. Әзірге жоба осы қалада ғана жүзеге асырылып жатыр.