Алматыда өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің туысы ретінде таныстырып, азаматтарды алдаған полицияның бұрынғы полковнигі Алимжан Кадыровқа сот үкімі шықты. Ол алаяқтық жасағаны үшін 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Алимжан Кадыров бұған дейін Ішкі істер министрлігі жүйесінде жоғары лауазымды қызметтер атқарған. Ол еліміздің бірнеше өңірінде жол полициясында басшылық қызметте болған.
Кейін бұрынғы полковник таныстарына мемлекеттік органдардағы күрделі мәселелерді шешіп бере алатынын айтып, қомақты қаражат алған. Ол өзінің ықпалды адамдармен байланысы бар екеніне сендіру үшін Кәрім Мәсімовтің туысы екенін алға тартқан.
Қылмыстық іс бойынша Кадыровқа алаяқтықтың төрт эпизоды бойынша айып тағылған. Бірінші жағдайда ол азаматтардың біріне Алматының "Алтын квадрат" деп аталатын қымбат ауданындағы жер телімін рәсімдеп беруге уәде еткен. Бұл қызметі үшін 53 мың доллар, яғни шамамен 24,3 миллион теңге сұраған. Тағы бір жәбірленушіге Алматы облысындағы алма бағын қайтарып алуға көмектесетінін айтып, шамамен 200 мың доллар немесе 91,8 миллион теңге алған.
Үшінші жағдайда бұрынғы полицей қарыздарына байланысты шетелге шыға алмай жүрген азаматқа көмектесуге уәде берген. Ол бұл мәселені 35 мың долларға, шамамен 16,1 миллион теңгеге шешіп беретінін айтқан. Төртінші жәбірленушіден бизнеске инвестиция салу сылтауымен 48 мың доллар немесе 22 миллион теңге алған.
Бұдан бөлек, Кадыров сол кездегі ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің жұбайын емдеуге қаражат қажет екенін айтып, тағы 10 мың доллар сұраған.
Тергеу барысында Кадыровтың Кәрім Мәсімовпен туыстық байланысы жоқ екені анықталған. Журналистің жазуынша, ол бұрынғы ҰҚК төрағасының есімін таныстарының сеніміне кіру үшін пайдаланған.
Кадыровқа қатысты алғашқы шағымдар 2020 жылы түскен. Сол кезде оған халықаралық іздеу жарияланғаны хабарланған. Кейін ол ұсталып, бастапқыда үйқамақта болған. Одан соң уақытша ұстау изоляторына қамалып, 2025 жылдың соңында тергеу изоляторына ауыстырылған.
Сот процесі барысында Алимжан Кадыров өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Ол үш жәбірленушіден мүлде ақша алмағанын, ал төртінші адаммен қаржылық мәселесін толық шешкенін мәлімдеген. Алайда сот оның уәждерін жеткіліксіз деп бағалап, алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Нәтижесінде бұрынғы полиция полковнигі 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынды өтеу міндеттелді.
Сот үкімі заңды күшіне енген.