28 қарашада түн ортасынан бастап Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынды. Бұл күн тыныштық күні деп жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тыныштық күні деген не?
Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) сөздігінде тыныштық күні дауыс беру алдындағы күн ретінде түсіндіріледі. Бұл күні кез келген кандидат пен саяси партияны қолдайтын жария сөз сөйлеуге және үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады.
Мәслихаттардың барлық деңгейдегі депутаттарын сайлау 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген. Мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа 12 қазанда қол қойылған еді.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат 28 қарашада сағат 00:00-де аяқталды. 29 қарашада дауыс беру өтеді. Сайлау қорытындысы 2026 жылғы 3 желтоқсаннан кешіктірілмей шығарылуға тиіс.
Үгіт-насихат жүргізгендерге қандай айыппұл салынады?
Қазақстанның Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 102-бабына сәйкес кандидаттар мен партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғанға дейін, сайлау күні немесе оның қарсаңында, сондай-ақ, референдум күні не оның қарсаңында үгіт-насихат жүргізгендерге айыппұл салынады.
Айыппұл мөлшері:
- жеке тұлғаларға - 15 АЕК (64 875 теңге);
- шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға - 20 АЕК (86 500 теңге);
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 25 АЕК (108 125 теңге);
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 35 АЕК (151 375 теңге).