Қазақстандық кәсіпкер, венчурлік инвестор әрі қаржыгер Бақыт Ниязов әлеуметтік желіде Санжар Боқаевтың сотына қатысты пікір білдіріп, осыдан бірнеше жыл бұрын өзіне қатысты болған оқиғаны еске алды. Оның айтуынша, Санжар Боқаев пен тағы бір қоғам белсендісі Алматыдағы жер теліміне қатысты жалған ақпарат таратқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Өзімізге өзіміз ор қазамыз"
Бақыт Ниязов Санжар Боқаевтың соты туралы оқығанын, бірақ бұл іске аса қызығушылық танытпайтынын айтты. Дегенмен осы жаңалықты оқығанда бұрынғы бір оқиға есіне түскен.
Кәсіпкердің сөзінше, бірде Боқаев пен тағы бір белгілі қоғам белсендісі видео жариялап, онда Ниязовтың Алматыдағы жер телімі туралы сөз қозғаған. Олар жер заңсыз түрде жеке меншікке берілгенін айтып, оны тексеріп, мемлекетке қайтару керек екенін мәлімдеген.
"Олар менің Алматыдағы жер телімімнің жанынан өтіп бара жатып: "Міне, мына жерді Байбек заңсыз түрде әлдебіреудің жеке меншігіне беріп жіберген. Мұны тексеріп, қайтарып алу керек" деді. Мен бірден Боқаевқа "Неге өтірік айтасыз? Бұл жерді Тасмағамбетовтің кезінде-ақ сатып алғанмын. Жеке тұлғадан сатып алдым. Барлығын заңды түрде рәсімдедім" деп жаздым. Ол ештеңе деп жауап бермеді", - деп жазды Ниязов.
Оның айтуынша, кейін шенеуніктер өзіне қарсы сотқа жүгініп, жер телімін алып қоюға тырысқан. Алайда жер заңды түрде сатып алынғаны анықталғандықтан, олардың бұл әрекетінен нәтиже шықпаған.
"Меніңше, Боқаев өзінің жалған айыптауларымен мені еш негізсіз үлкен тәуекелге тігіп отырғанын түсінді. Қазір ешкімге жамандық тілемеймін. Өмірінде бәрі жақсы болғанын қалаймын. Тек көпшілігіміз өзімізге өзіміз ор қазып, ақырында соған өзіміз түсетініміз бар", - деді кәсіпкер.
Айта кетейік, Бақыт Ниязовтың жергілікті қор нарығында мол тәжірибесі бар. Ол кезінде Real Invest Group брокерлік компаниясын, кейін шағын және орта бизнеске инвестиция тартуға көмектескен Falconry тікелей инвестициялар қорын құрған. Қазір Қазақстанның MOST Ventures венчурлік қорының тең құрылтайшысы. Сондай-ақ, Central Asian Angel Investors клубының мүшесі ретінде Орталық Азиядағы стартаптарға инвестиция салады.
Боқаевқа қатысты сот немен аяқталды?
Еске салайық, 27 қарашада Алматыда Санжар Боқаевқа сот үкімі шықты. Ол алаяқтық, ұрлықты ұйымдастыру, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Істі Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қарады. Сот алдында үш адам жауап берді: Санжар Боқаев; оның туысы Мадияр Қалменов; видеограф Ұлан Нүсіпқожа.
Қылмыстық іс 42 миллион теңгеден аса қаражатты жымқыру, гранит тақталарды ұрлау, ағаштарды заңсыз кесу және Алматыны абаттандыру жұмыстарына қатысты жалған ақпарат жариялау деректеріне байланысты қозғалған. Сот Боқаевты бес бап бойынша кінәлі деп тапты.
Сот барлық бап бойынша тағайындалған жазаларды біріктіріп, түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар, Боқаевқа 10 жыл бойы бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникация саласында және онлайн платформаларда жұмыс істеуге, сондай-ақ, сұхбат беруге тыйым салынды.
Бұған дейін прокурор Санжар Боқаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.