Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Боқаев 10 жылға сотталды: қоғам белсендісіне тағылған төрт айып

Боқаев 10 жылға сотталды: қоғам белсендісіне тағылған төрт айып
Ашық дереккөз

Алматының Алмалы аудандық соты қоғам белсендісі Санжар Боқаевты 10 жылға, ал оның жиені Мадияр Қалменовті 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Судья Жанат Әбенова Боқаевты төрт бап бойынша кінәлі деп таныды. Атап айтқанда, оған алаяқтық, ұрлық, көрінеу жалған ақпарат тарату және ағаштарды заңсыз кесу айыптары тағылған. Ал қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе мүлікті заңдастыру бабына қатысты қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімінің өтуіне байланысты ол жауаптылықтан босатылды.

Сот үкімі бойынша Боқаев жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Оның жиені Мадияр Қалменов те осы санаттағы мекемеге жіберіледі. Қалменов іс бойынша бір эпизодқа байланысты айыпталған.

Іс неден басталды?

Боқаевқа қатысты қылмыстық іс бірнеше эпизодтан тұрады. Оның негізгісі 2018 жылы «ҚазТрансГаз» компаниясының кәсіподақ қаражатына ұйымдастырылған халықаралық автожарысқа қатысты. Тергеу мен мемлекеттік айыптау нұсқасына сәйкес, сол кезде компания басшылығының кеңесшісі болған Боқаев «Еуропа – Қытай» автожарысын ұйымдастыруды ұсынып, қызмет көрсетуге арналған келісімшарттарды өзіне қатысы бар компаниялармен жасасуға ықпал еткен.

Прокуратура мәліметінше, кәсіподақтан бөлінген қаражаттың бір бөлігі автожарысты өткізуге жұмсалмай, жиһаз өндірісіне қажетті жабдықтар сатып алуға және цехты жалға алуға бағытталған. Атап айтқанда, Боқаевтың жиені Мадияр Қалменов басшылық еткен BM Trust компаниясымен 47,9 млн теңгеге, ал We Can компаниясымен 39 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Айыптау тарапы осы эпизод бойынша 42 млн теңгеден астам қаражат жымқырылғанын мәлімдеген.

Тағы бір эпизод Алматыдағы Үлкен Алматы өзенінің арнасын реконструкциялау кезінде гранит тақталардың әкетілуіне қатысты. Прокуратура нұсқасы бойынша, 2025 жылғы қыркүйекте құрылыс аумағынан 12 гранит тақта заңсыз шығарылған. Олардың құны 1,33 млн теңгеге бағаланған. Айыптау тарапы Боқаев сол кезде оқиғаны видеоға түсіріп, жүк тиелген көлікті алып жүруге қатысқанын алға тартты.

Істегі келесі эпизод Бау тоғайындағы ағаштардың кесілуіне байланысты. Тергеу мәліметінше, 2025 жылғы қазанда тоғайдағы үйеңкі, қараған және қарағаш ағаштары кесілген. Сараптама қорытындысы бойынша, олардың жасы 21 жылдан 150 жылға дейін болған. Бұл іске қатысы бар делінген үш адам бұған дейін Түрксіб аудандық сотында сотталған.

Бұдан бөлек, Боқаевқа әлеуметтік желілерде көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған. Прокуратура оның Алматыдағы абаттандыру жұмыстары мен бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты жариялаған видеоларындағы мәліметтерді ресми құжаттармен салыстырған. Мемлекеттік айыптау тарапы бес видеода ақпараттық манипуляция белгілері болғанын айтқан.

Прокуратура 12 жыл сұраған

26 қарашада өткен жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Жаныл Жұмабаева Боқаевты бес эпизод бойынша кінәлі деп тануды сұраған. Прокуратура оған алаяқтық үшін 10 жыл, ұрлық пен ағаштарды заңсыз кесу бойынша бес жылдан, көрінеу жалған ақпарат тарату үшін үш жыл жаза тағайындауды ұсынған. Қылмыстық кірістерді заңдастыру бабы бойынша кінәлі деп танып, бірақ ескіру мерзіміне байланысты жазадан босатуды сұраған.

Мадияр Қалменовке жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасы сұралған. Ал іс бойынша тағы бір айыпталушы, видеограф Улан Нусипкожа кінәсін мойындап, өкінгеннен кейін оған екі жыл алты айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындау ұсынылған.

Боқаевтың қорғаушылары айыптаумен келіспей, оны толық ақтауды сұраған. Сот процесі 16 қазанда басталған.

Сот Боқаев пен Қалменовке қатысты түпкілікті жазаны тағайындау кезінде әрқайсысына 10 жыл және 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.