Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Швейцария Өзбекстанға Гүлнара Каримоваға тиесілі болған 252 миллион долларды қайтарады

Швейцария Өзбекстанға Гүлнара Каримоваға тиесілі болған 252 миллион долларды қайтарады
коллаж: dalanews

Швейцария билігі Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнара Каримоваға тиесілі болған 252 миллион долларды елге қайтарады. Қаражат тікелей мемлекеттік бюджетке емес, «Uzbekistan Vision 2030» көпжақты траст қорына аударылады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Өзбекстан мен Швейцария үкіметтері арасында заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару туралы келісім жасалды. Құжатқа 2026 жылғы қарашада қол қойылған. Келісімге Өзбекстан экономика және қаржы министрінің орынбасары Отабек Фазилкаримов, Швейцарияның Өзбекстандағы елшісі Симоне Гигер және БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі Сабине Маль қатысқан.

Өзбекстан мен Швейцария заңсыз жолмен алынған қаражатты қайтару туралы алғашқы келісімге 2022 жылғы тамызда қол жеткізген. Ал 2024 жылғы тамызда тараптар Швейцария билігі тәркілеген 131 миллион долларды қайтару туралы алғашқы келісімге қол қойған. Бұл қаражат Каримованың шетелдегі активтерінің ішінен заң жүзінде тәркіленіп, Өзбекстанның пайдасына қайтарылған алғашқы бөлігі болды.

Кейін, 2025 жылғы ақпанда, Өзбекстан үкіметі мен Швейцария Федералдық кеңесі тәркіленген активтерді бөлу туралы тағы бір келісім жасасты. Құжат бойынша Каримоваға тиесілі активтерден шамамен 182 миллион долларды қайтару көзделген. Осылайша, сол кезде қайтарылуға тиіс қаражаттың жалпы көлемі 313 миллион долларға жеткен.

Сонымен қатар Швейцария билігінің мәліметінше, «өзбек ханшайымына» тиесілі 650 миллионнан астам франк әлі де бұғаттаулы тұр. Ал 2026 жылғы шілдеде Швейцарияның Федералдық қылмыстық соты Каримованың тағы 400 миллион франктан асатын активін тәркілеу туралы шешім шығарған.

Бұдан бөлек, Өзбекстан билігі АҚШ-пен де Каримоваға тиесілі болған 60 миллион долларды қайтару мәселесі бойынша жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ Бельгия мемлекеттік қазынашылығының шоттарына түскен 108 миллион долларды да Өзбекстанға беру жоспарланған.

Гүлнара Каримоваға қандай айып тағылған?

Өзбекстанда 2013 жылдан бастап Гүлнара Каримоваға қатысты ұрлық, салық төлеуден жалтару және қылмыстық қауымдастық ұйымдастыру баптары бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалған.

2015 жылы алғашқы сот үкімімен оған бес жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ал 2017 жылы екінші қылмыстық іс бойынша жүргізілген қосымша тергеу нәтижесінде Каримова 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

2020 жылғы наурызда Өзбекстанның Жоғарғы соты оны ақшаны жылыстату және бопсалау қылмыстары бойынша да кінәлі деп таныды. Нәтижесінде Каримова 13 жылға бас бостандығынан айырылып, Ташкент облысының Зангиата ауданындағы жалпы режимдегі колонияға жіберілді.

Қаражат қалай заңсыз иемденілген?

Гүлнара Каримоваға тиесілі активтерді қайтару халықаралық тергеудің нәтижесінде мүмкін болды. Тергеу оның Өзбекстанның телекоммуникация нарығындағы қызметіне қатысты жүргізілген.

Атап айтқанда, Каримова TeliaSonera, Vimpelcom, Alfa Telecom және MTS сияқты телекоммуникациялық компаниялардан Өзбекстан нарығына кіруге мүмкіндік бергені үшін ірі көлемде заңсыз төлемдер алған. Кейін бұл қаражат шетелде жылыстатылған.

Бұдан бөлек, Каримоваға қатысты АҚШ, Швеция, Франция, Норвегия, Нидерланд және Ұлыбританияда да сыбайлас жемқорлық пен қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстатуға байланысты қылмыстық істер қаралған.