Қазақстанның ұлттық атом компаниясы "Қазатомөнеркәсіптің" басшылық құрамы бірнеше ай ішінде айтарлықтай қысқарды. Жыл басында сегіз адамнан тұрған басқармада қазір үш топ-менеджер ғана қалды. Соңғы өзгерістер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеуі мен бірқатар жоғары лауазымды басшының қызметтен кетуі аясында болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
2026 жылғы 27 қарашадағы жағдай бойынша "Қазатомөнеркәсіп" басқармасында Мейіржан Юсупов, Марат Төлебаев және Дастан Көшербаев қызметтерін жалғастырып жатыр.

Ал өндіріс, коммерция, сатып алу және жалпы мәселелер бағыттарына жауап берген үш топ-менеджердің басқармадағы өкілеттігі қараша айының соңында тоқтатылды.
Жеті айда басқарма қалай өзгерді?
2026 жылдың көктемінде "Қазатомөнеркәсіп" басқарма мүшелерінің санын сегізден алтыға қысқартқан.
Сәуірде Жанат Өмірбеков пен Ермек Қуантыров басқарма құрамынан шығарылды. Компания бұл шешімді корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру шараларымен байланыстырған.
Алайда қараша айының соңында тағы үш басшының өкілеттігі тоқтатылды. 24 қарашада Директорлар кеңесі өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғожиннің басқарма мүшелері ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдаған.
Ал 26 қарашада сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директор Дархан Сағындықов өз еркімен қызметінен кетті. Оның өтініші негізінде Директорлар кеңесі басқарма мүшесі ретіндегі өкілеттігін тоқтатты.
Нәтижесінде жыл басындағы сегіз басшының бесеуі басқарма құрамынан шықты.