Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Алматыда “Әділет” партиясының қалалық сайлауалды штабының қорытынды отырысы өтті

Алматыда “Әділет” партиясының қалалық сайлауалды штабының қорытынды отырысы өтті
Фото: ”Әділет” партиясы

27 қарашада Алматыда «Әділет» партиясының қалалық сайлауалды штабының қорытынды отырысы өтті. Жиында Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауы аясында жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының нәтижелері сараланып, сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың алдағы міндеттері талқыланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Отырысқа «Әділет» партиясынан Алматы қаласы мәслихатының депутаттығына кандидаттар, қалалық және аудандық сайлауалды штабтардың мүшелері қатысты.

Жиын барысында сайлауалды науқанның негізгі көрсеткіштері таныстырылды. Алматыда бір қалалық және сегіз аудандық штаб жұмыс істеді. Үгіт-насихат кезеңінде түрлі сала өкілдерімен 1000-ға жуық кездесу мен іс-шара өткізіліп, 120 мыңнан астам тұрғын қамтылды.

Сонымен қатар «Есіктен-есікке» акциясы аясында 40 мың тұрғынмен тікелей байланыс орнатылды. Кездесулер барысында алматылықтардың ұсыныстары мен талап-тілектері тыңдалып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымына және тұрғындардың өмір сүру сапасына қатысты өзекті мәселелер жинақталды.

Жиында сөз сөйлеген қалалық сайлауалды штабтың жетекшісі, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Мейіржан Отыншиев сайлауалды науқан барысында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, тұрғындармен тікелей байланыстың маңыздылығына тоқталды.

«Бұл сайлау науқаны елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың жалғасы, Әділетті Қазақстан құру идеясын жүзеге асырудың маңызды кезеңі. Біз сайлау науқаны аясында бір айға жуық уақыт сайлаушыларымызбен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Кездесулер барысында қала тұрғындарының ұсыныстары мен талап-тілектері тыңдалып, өзекті мәселелер жинақталды. Жалпы, сайлауалды науқан барысында ауқымды жұмыс атқарылды. Барлық жұмыстар заң аясында, ашықтық пен тәртіп қағидаттарын сақтай отырып жүргізілді», -деді Мейіржан Отыншиев.

«Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Станислав Канкуров партияның 2026-2031 жылдарға арналған Алматы қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру тетіктеріне тоқталды.

Оның айтуынша, қала тұрғындарының ұсыныстары мен өзекті мәселелерін ескере отырып әзірленген бағдарламада Алматының алдағы бес жылдағы дамуына бағытталған негізгі мақсаттар мен басымдықтар айқындалған. Аталған міндеттерді нақты жүзеге асыру үшін Жол картасының жобасы әзірленуде.

«Біздің басты міндетіміз - сайлауалды бағдарламада белгіленген мақсаттарды нақты нәтижеге айналдыру. Осы бағытта алдағы бес жылға арналған 100-ден астамтармақтан тұратын Жол картасының жобасы әзірленуде. Онда әрбір бағыт бойынша нақты көрсеткіштер, атқарылатын іс-шаралар мен жауапты тараптар айқындалады. Сайлауалды кездесулер барысында тұрғындардан түскен ұсыныстар мен талап-тілектер алдағы жұмысымыздың маңызды негізі болады. Біз олардың орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстап, партия атынан сайланатын депутаттардың сайлаушылармен тоқсан сайын кездесіп, атқарылған жұмыстар туралы есеп беруін көздеп отырмыз. Әрбір бастаманың нәтижесі ең алдымен алматылықтардың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс», - деді Станислав Канкуров.

Жиында сайлауалды бағдарламаның негізгі міндеттері де қарастырылды. Атап айтқанда, 2031 жылға дейін 300 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту, тұрғын үй құрылысын дамыту, қоғамдық көлік инфрақұрылымын жетілдіру, қала аумағын көгалдандыру және білім беру ұйымдарында жаңа орындар ашу бағыттары талқыланды.

Дайындаған: «Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі.

Тапсырыс беруші: С.В. Канкуров

Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.