Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Астанада тонау, ұрлық және бұзақылық жасаған екі жасөспірім 5 жылға сотталды

Астанада тонау, ұрлық және бұзақылық жасаған екі жасөспірім 5 жылға сотталды
pixabay.com

Астанада бұзақылық, тонау, алаяқтық және ұрлық жасаған екі кәмелетке толмаған бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты М. және К. есімді жасөспірімдерге қатысты айыптау үкімін шығарды. Сот олардың бірнеше қылмысқа қатысы бар екенін анықтаған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын 3 млн 68 мың 981 теңгені құраған.

Сот материалдарына сәйкес, оқиғалардың бірі 2026 жылғы 26 наурызда «Көктал» сауда үйінде болған. М. бірнеше жасөспіріммен бірге бұрын олардың бірін ұрып-соққан жігітпен есеп айырысу үшін сауда орнына барған. Тамақтану аймағында басталған жанжал төбелеске ұласып, топ үш адамды соққыға жыққан. Салдарынан қоғамдық тәртіп бұзылып, келушілер арасында дүрбелең туған.

Тағы бір оқиға 17 сәуірде тіркелген. М. мен К. алдын ала сөз байласып, өздерімен бұрын жанжалдасқан жасөспірімнің соңынан ерген. Олар пышақ пен телескопиялық таяқты көрсетіп, құны 341 981 теңге болатын смартфонын тартып алып, кейін сатып жіберген.

30 сәуірде К. екі белгісіз сыбайласымен бірге скверде телефонын ломбардқа өткізуден бас тартқан адамды ұрып-соққан. Сараптама жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келгенін анықтаған.

Бұдан бөлек, 15 мамырда К. танысының телефонын рұқсатсыз пайдаланып, Kaspi қосымшасы арқылы оның депозиттік шотына кірген және 620 мың теңгені иемденген.

Сот анықтағандай, сәуір-маусым айлары аралығында жасөспірімдер қоңырау шалу сылтауымен таныстары мен басқа адамдардың телефондарын алып кеткен немесе құрылғыларды иелерінің қолынан ашық түрде жұлып алған. Мәселен, 29 мамырда М. мен К. Бурабай ауданындағы дүкен сатушысының iPhone 15 Pro телефонын ұрлап, Kaspi шотынан 237 мың теңге шешкен. Телефонды да сатып жіберген. Бұл эпизод бойынша келтірілген шығын 837 мың теңге болған.

Сотта М. мен К. кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінген. Прокурор олардың әрқайсысын бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот кәмелетке толмағандарын және шын жүректен өкінгенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, екі жасөспірімге де бес жыл түрме жазасын тағайындады.

Іс бойынша тағы үш жасөспірімге қатысты бұзақылық туралы іс жәбірленушімен татуласуына және келтірілген залалдың өтелуіне байланысты тоқтатылды. Сот оларды қылмыстық жауаптылықтан босатып, тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шараларын қолданды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.