Абай облысында халқы аз ауылдарға жаңа тұрғындар тартуға және әлеуметтік инфрақұрылымды сақтауға бағытталған «Қаладан – ауылға» жобасы жалғасуда. 2026 жылға 500 отбасын көшіру жоспарланған болатын. Бұл меже мерзімінен бұрын орындалып, өңірдің ауылдарына 522 отбасы, яғни 1 716 адам көшіп келді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жоба Абай облысының әкімі Берік Уәлидің бастамасымен 2026 жылдың ақпанында іске қосылып, 2028 жылға дейін жалғасады. Жобаның мақсаты – ауыл халқының санын арттырып, елді мекендердің тұрақты дамуына жағдай жасау. Мектептердің жабылу қаупі бар және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі төмендеуі мүмкін шағын ауылдарға ерекше көңіл бөлінуде.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов жобаның аралық қорытындысын баяндады. Оның айтуынша, ауылдарды дамыту үшін қоныс аудару, тұрғындарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау шаралары қатар жүргізілуде.
– «Қаладан – ауылға» жобасы бірнеше республикалық әлеуметтік бағдарламаны біріктірді. Олардың қатарында «Дипломмен – ауылға», «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру», кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған «Бастау Бизнес», «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс» және «Ауыл аманаты» бар. Осы бағдарламалар арқылы қоныс аударған отбасыларға жаңа жерде жұмысқа орналасуға, өз мамандығы бойынша еңбек етуге және кәсіп ашуға мүмкіндік беріледі, – деді Думан Оспанов.
Жобаның негізгі бағыттарының бірі – ауылдарға өңірге қажет мамандарды тарту. Қоныс аударған отбасылардың жаңа ортаға бейімделуіне, жұмыс табуына және кәсіп бастауына қолдау көрсетіледі. Бұл отбасылардың ауылға тұрақтап, сол жерде еңбек етіп, кәсібін дамытуына жағдай жасайды.
Облыс әкімінің орынбасарының айтуынша, бастапқы жоспар бойынша 2026 жылдың соңына дейін өңірдің ауылдарына 500 отбасы қоныс аударуы тиіс еді. Бұл межеден қазан айының басында-ақ асқан.
– Бүгінгі таңда жоспар 104 пайызға орындалды. Облыстың ауылдық елді мекендеріне 522 отбасы, барлығы 1 716 адам көшіп келді. Олардың 737-сі Семей қаласынан, 979-ы еліміздің басқа облыстарынан қоныс аударды. Жоспардың мерзімінен бұрын орындалуы ауылға көшуге қызығушылық бар екенін және жобаның өңірге жаңа тұрғындар тартуға мүмкіндік беретінін көрсетеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жоба облыстың барлық ауданында жүзеге асырылуда. Жоспарды орындау көрсеткіші бойынша Бесқарағай ауданы алда болса, көшіп келген тұрғындар саны бойынша Абай ауданы бірінші орында.
Бесқарағай ауданына 58 отбасы (193 адам) көшіп келіп, жоспар 116 пайызға орындалды. Аягөз ауданы 55 отбасын (187 адам) қабылдап, 110 пайыздық көрсеткішке жетті. Бородулиха ауданына 53 отбасы (165 адам) қоныс аударып, жоспар 106 пайызға орындалды.
Жаңасемей ауданында да жоспар 106 пайызға орындалды. Ауданға 53 отбасы (161 адам) көшіп келді. Жарма ауданына 52 отбасы (191 адам) қоныстанып, көрсеткіш 104 пайызға жетті. Ақсуат ауданы 51 отбасын (135 адам) қабылдап, жоспарды 102 пайызға орындады.
Абай, Мақаншы, Үржар және Көкпекті аудандары 50 отбасыдан қабылдап, жоспарды 100 пайызға орындады. Абай ауданына 218 адам, Мақаншы ауданына 180 адам, Үржар ауданына 155 адам, Көкпекті ауданына 131 адам қоныс аударды.
Облыстың барлық ауданы белгіленген межеге жетіп, өңір бойынша жалпы көрсеткіш жоспардан асты. «Қаладан – ауылға» жобасы алдағы уақытта да жалғасады. Жаңа тұрғындар мен қажетті мамандарды тарту арқылы ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын сақтауға және жергілікті экономиканы дамытуға басымдық беріледі.