Алматы облысының «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбырының жобасы жүзеге асыру үшін келесі жылы қаражат бөлінеді. Бұл туралы өңір басшысы Шыңғыс Әрінов Еңбекшіқазақ ауданы тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді. Оның айтуынша 2027 жылы аталған бағытқа газ құбырын тартуға 12 млрд теңге қарастырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін Алматы облысында 27, Жетісу облысында 44 газдандыру жобасының құжаттамасы әзірленді. Сонымен қатар таулы және шекаралық аймақта орналасқан Кеген және Райымбек ауданының тұрғындары мен әлеуметтік нысандарын қатты отынға тәуелділіктен арылту үшін стратегиялық маңызы бар «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбырының жобасы да әзірленген.
Бұған дейін өңірді газдандыру үшін тиісті құжаттар даярланып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Алайда нақты қаражат бөліну мәселесі кейінге шегеріліп келді.
Айта кету керек, Құрылтай депутаты Нұрбақыт Теңізбаев жобалық-сметалық құжаттама бойынша мемлекеттік сараптаманың қорытындысы 2024 жылы алынғанын және жобаларды іске асыру мерзімі ұзаққа созылғанын мәлімдеген. Ол құжаттарды қайта қарау және сараптамадан қайта өткізу қажеттілігі туындауы ықтимал. Осыған байланысты депутат энергетика министрлігіне ұсыныс жасап, қаржыны тездетіп бөлуді талап еткен.
Кейбір деректерде Алматы облысының «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбырының жобасы жүзеге асыру үшін 39 млрд теңге керек екені айтылады.