Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қырғызстандық студенттер Қазақстанда заңсыз іске тартылған

Қырғызстандық студенттер Қазақстанда заңсыз іске тартылған
ҚМА

ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті цифрлық активтердің заңсыз айналымына, үшінші тұлғалардың банк шоттарын сатып алуға және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесу деректері бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу мәліметіне сәйкес Алматы қаласының үш тұрғыны заңсыз криптовалюта операцияларын жүргізу үшін дропперлер желісін ұйымдастырған. Осы мақсатта делдалдар арқылы Қырғызстан азаматтары, негізінен жастар, соның ішінде студенттер мен қаржылық қиындықтарға тап болған адамдар тартылған.

Күдіктілер олардың Қазақстанға келу жолақысын, тұратын жері мен тамағын төлеп, ұялы телефондар және SIM-карталармен қамтамасыз еткен. Шетел азаматтары ақшалай сыйақы үшін өздерінің банк шоттарына қол жеткізу құқығын беріп, кейін еліне қайтып отырған.

Бұдан бөлек, күдіктілер SkyPhoenix халықаралық төлем платформасы арқылы Pinco, Pinup, Nomad Games, Sultan Games және басқа да онлайн казинолардың операцияларына қызмет көрсеткен.

Күдіктілер түскен қаражаттың 4 пайызы мөлшерінде сыйақы алып, ойыншылардан төлем қабылдауды, ұтыстарды төлеуді және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың табысын криптовалютаға айырбастап, шығарып беруді қамтамасыз еткен. Дропперлік шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 3,6 млрд теңгеден асқан.

Екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот санкциясымен үш көлік пен жер учаскесіне тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.