Павлодар қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Александр Сафяниковке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Павлодардағы жоғары лауазымды шенеуніктің ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Facebook желісіндегі жарияланымда Александр Сафяниковтің кәсіпкерден 400 мың теңге пара алды деген күдікке ілінгені айтылған. Сондай-ақ оның қылмыстық іс аясында процестік келісім жасасқаны туралы мәлімет жарияланған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Kazinform агенттігінің сауалына жауап беріп, аталған лауазымды тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растаған. Алайда ведомство тергеудің мән-жайын ашып көрсетпеді. Құзырлы орган тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын жеткізген.