Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Оралда 1,2 шақырым жолды жөндеуге 272 млн теңге жұмсамақ болған

Оралда 1,2 шақырым жолды жөндеуге 272 млн теңге жұмсамақ болған
Фото: ЖИ

Орал қаласында ұзындығы 1,2 шақырым болатын автожолды күрделі жөндеуге бөлінген 272 млн теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының мәліметінше, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі аталған жолды күрделі жөндеуге қатысты мемлекеттік сатып алу шартын жасасқан.

Алайда прокурорлық тексеру барысында бюджет заңнамасының талаптары бұзылғаны анықталды. Сондай-ақ жоспарланған жұмыстардың мәлімделген жөндеу түріне сәйкес келмейтіні және жолға асфальт төсеу қажеттілігі экономикалық тұрғыдан негізделмегені белгілі болды.

Прокуратураның наразылығынан кейін келісімшарт бұзылып, 272 млн теңге бюджет қаражатының орынсыз жұмсалуына тосқауыл қойылды.

Жол берген заңбұзушылықтар үшін жауапты бөлім басшысына қатаң сөгіс жарияланды.