Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 58,5 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға өсті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өнеркәсіп өндірісінің ең жоғары көлемі Атырау облысында тіркелді. Өңірде 14,3 трлн теңгенің өнімі өндірілген. Одан кейін Қарағанды облысы 4,7 трлн теңгемен, Павлодар облысы 3,7 трлн теңгемен, Астана қаласы 3,4 трлн теңгемен және Маңғыстау облысы 3,3 трлн теңгемен орналасқан.
Ал өндіріс өсімінің ең жоғары көрсеткіші Жетісу облысында байқалды. Мұнда өнеркәсіп өндірісі 29,9%-ға артқан. Түркістан облысында өсім 23,8%, Алматы қаласында 21,5%, Алматы облысында 19,4%, Жамбыл облысында 17,8% болды.
Сондай-ақ Шымкент қаласында өнеркәсіп өндірісі 13,3%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 12,7%-ға, Астанада 11,6%-ға өскен. Павлодар облысында өсім 8,2%, Ұлытау облысында 7,7%, Қызылорда облысында 6%, Маңғыстау облысында 4,4%, Қарағанды облысында 4,3%, Қостанай облысында 2%, Абай облысында 1,9% болды.
Жалпы, өнеркәсіп өндірісінің индексі еліміздің 20 өңірінің 16-сында өскен.
Өндіріс көлемінің артуына негізінен өңдеу өнеркәсібі үлес қосқан. Есепті кезеңде бұл саладағы өндіріс индексі 109,3%-ды құрады.
Өңдеу өнеркәсібінде жеңіл өнеркәсіп 59,5%-ға, машина жасау 22,2%-ға, химия өнеркәсібі 21,9%-ға өскен. Фармацевтикалық өнім өндірісінде өсім 50,9%, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығаруда 18,1% болды.
Автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің индексі 130,5%-ға жеткен. Ал компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісі 83,6%-ға артқан.
Сонымен қатар тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі өндіріс индексі 96,6%-ды құрады. Электр энергиясымен, газбен және бумен жабдықтау саласында көрсеткіш 111,3%, сумен жабдықтау, су бұру және қалдықтарды басқару бағытында 108,9% болды.