Қазақстандық дипломат, тарихшы әрі халықаралық қатынастар саласының сарапшысы Рүстем Құрманғожин қайтыс болды. Ол ұзақ жылдар еліміздің сыртқы саясат ведомствосында қызмет атқарып, кейін ғылым мен білім саласында еңбек етті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Белгілі дипломаттың өмірден өткені туралы ақпарат 27 қарашада жарияланды. Қаралы хабарды оның әріптесі, саясаттанушы Андрей Чеботарёв әлеуметтік желіде жеткізген. Рүстем Сәлімұлы Құрманғожин Қазақстанның дипломатиялық қызметін дамытуға және халықаралық қатынастар саласындағы мамандарды даярлауға үлес қосқан.
Рүстем Құрманғожин 1985 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігі жанындағы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын (МГИМО) тәмамдаған.
1986-2013 жылдары Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызмет атқарған. Көпжылдық еңбек жолында кеңесші-уәкіл дипломатиялық дәрежесіне дейін көтерілген.
Ол Қазақстанның сыртқы саясаты, халықаралық ынтымақтастық және дипломатиялық қатынастар мәселелері бойынша тәжірибе жинақтаған маман ретінде танылды.
Дипломатиялық қызметін аяқтағаннан кейін Рүстем Құрманғожин ғылыми-педагогикалық жұмысқа ден қойған. Ол Нархоз университетінің Гуманитарлық мектебінде қауымдастырылған профессор қызметін атқарған.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтында, KIMEP, AlmaU және UIB университеттерінде дәріс берген. Ғалым студенттерге халықаралық қатынастар, дипломатия тарихы және сыртқы саясат мәселелері бойынша білім берген.
Рүстем Құрманғожин Қазақстан дипломатиясының тарихы мен халықаралық қатынастар саласына арналған ғылыми зерттеулер жүргізген. Ол бірнеше кітап пен монографияның, сондай-ақ халықаралық саясат мәселелеріне арналған мақалалардың авторы.
2026 жылғы қазан айында да ғалым "Тұран" университетінде студенттермен кездесіп, халықаралық саясат туралы дәріс оқыған.