Қазақстанда зейнетақы активтерін басқару тәртібі өзгеріп, салымшыларға инвестициялық портфельдің үш түрінің бірін таңдау мүмкіндігі берілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа қағидалар 2026 жылғы 16 қарашадан бастап күшіне енді. Енді азаматтар инвестициялық портфельді таңдағанда зейнетке шығуына қалған уақытты, күтілетін кірістілікті және тәуекелге дайындығын ескере алады. Бұл өзгерістер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 30 қазандағы №155 қаулысында көзделген.
Жаңа тәртіп бойынша инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) консервативті, қалыпты және тәуекелді портфель қалыптастыра алады. Олардың бір-бірінен айырмашылығы активтер құрамына, тәуекел деңгейіне және кірістілікті бағалау мерзіміне байланысты.
Консервативті портфель зейнетке шығу мерзіміне қарамастан барлық салымшыға қолжетімді. Ол негізінен облигацияларға бағытталған, ал басқару нәтижесі 12 айлық кезең бойынша бағаланады.
Қалыпты портфель зейнетке шығуына үш жылдан астам уақыт қалған азаматтарға арналған. Оның құрамында акциялар мен облигациялар бар. Бұл портфельдің кірістілігі 36 айлық кезең бойынша есептеледі.
Ал тәуекелді портфель зейнетке шығуына 13 жылдан астам уақыт қалған салымшыларға ұсынылады. Ол негізінен акцияларға бағдарланған. Акциялардың құны айтарлықтай өзгеруі мүмкін болғандықтан, мұндай портфельдің нәтижесі 60 айлық кезең бойынша бағаланады.
Әр портфель үшін қазақстандық және халықаралық акциялар мен облигациялар құнының өзгерісін көрсететін композиттік индекс белгіленеді. Басқарушы компаниялардың нәтижелері осы индекспен салыстырылады. Ең төменгі кірістілік деңгейі консервативті портфель үшін 12 айда индекс кірістілігінің кемінде 90 пайызы, қалыпты портфель үшін 36 айда 85 пайызы, ал тәуекелді портфель үшін 60 айда 80 пайызы болуы тиіс.
Егер белгіленген кезең қорытындысында портфельдің кірістілігі ең төменгі деңгейден төмен болса, басқарушы компания теріс айырманы өз капиталы есебінен өтеуге міндетті. Бұл ретте әр портфельдің нәтижесі жеке есептеледі. Бір портфельдегі кіріс екіншісіндегі шығынды жабуға пайдаланылмайды.
Сонымен қатар зейнетақы активтері тәуелсіз банк-кастодианда сақталады. Ол қаражатты орналастыру кезінде заңнама талаптарының орындалуын бақылайды. Инвестициялық құралдарға қойылатын шектеулер мен портфельді әртараптандыру талаптары да жинақтарды қорғауға бағытталған.
Салымшылар бастапқыда зейнетақы активтерін басқаруға берген күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң бір басқарушы компанияның ішінде портфель түрін өзгерте алады. Ол үшін БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы немесе мобильді қосымшасы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен өтініш беру қажет. Қор өтінішті алғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде қаражатты аударуды жүзеге асырады.
Егер салымшы қолданыстағы портфель үшін белгіленген жас шегіне жетсе, ал басқарушы компанияда оның жасына сәйкес келетін басқа портфель болса, қаражатты автоматты түрде ауыстыру тетігі қарастырылған. Ал компанияда тиісті портфель болмаған жағдайда, салымшы басқа басқарушыны таңдай алады немесе жинағын Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына қайтара алады.
БЖЗҚ кейбір жағдайларда қаражатты аударудан бас тартуы мүмкін. Мысалы, портфель түрі соңғы рет өзгертілгеннен кейін бір жыл өтпесе, таңдалған портфель салымшының жасына сәйкес келмесе немесе зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш «орындалуда» мәртебесінде тұрса, аударым жасалмайды.
Қор салымшыларға басқарушы компанияны таңдағанда тек соңғы бір жылдағы кірістілікке сүйенбеуге кеңес береді. Портфельдің құрамын, инвестициялық стратегиясын, зейнетке шығуға қалған уақытты және тәуекел деңгейін де ескеру қажет. ИПБ қызметінің нәтижелері мен инвестициялық активтердің құрылымы туралы ақпаратты БЖЗҚ-ның invest.enpf.kz платформасынан көруге болады.
Қазіргі уақытта инвестициялық портфельді басқарушылар жаңа портфель түрлерін қалыптастыру бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондықтан салымшылар тиісті портфельдерге өтініш беру мүмкіндігі барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін ғана қолжетімді болады. БЖЗҚ өтініш қабылдаудың басталғаны туралы қосымша хабарлайды.