Алматының Бостандық ауданында бес адамның өмірін қиған өртке қатысты жаңа мәліметтер пайда болды. Әлеуметтік желіде қайғылы оқиғаға дейін ғимаратқа кіріп шыққан әйелдің бейнежазбасы тарады. Өрттің қасақана қойылуы мүмкін деген болжам айтылып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бақылау камерасының жазбасында өрт басталардан бірнеше минут бұрын ғимаратқа қара күртеше мен сұр бас киім киген әйелдің кіргені байқалады.
Әйел ғимарат ішінде аз уақыт болып, кейін сыртқа шыққан. Көп ұзамай үйден қою түтін көтеріле бастағаны хабарланды.
Тергеу барысында ғимарат ішінен бензин іздері анықталғаны айтылған. Осыған байланысты өрттің әдейі қойылуы мүмкін деген болжам тарады. Сондай-ақ бейнежазбаға түскен әйелдің аталған оқиғаға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқаны хабарланды.
Еске салайық, 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйден өрт шыққан. Сағат 03:44-те төтенше жағдайлар қызметіне өрт туралы хабарлама түскен. Құтқарушылар оқиға орнына төрт минуттың ішінде жеткенімен, сол уақытта үйді жалын толық шарпыған.
Өрт сағат 04:42-де толық сөндірілген. Оны сөндіруге 35-ке жуық құтқарушы мен тоғыз техника жұмылдырылған. Оқиға орнынан бес адамның, оның ішінде кәмелетке толмаған бір баланың мәйіті табылды.
Алматы қалалық полиция департаменті қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растаған. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен адамдардың қаза болу мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.