Қазақстанда палау пісіру көрші елдерге қарағанда арзан болып шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өзбекстанда елдің басты тағамын әзірлеуге кететін шығынды көрсететін "палау индексі" бар. Статистика мамандары ай сайын палауға қажетті азық-түлік жиынтығының құнын есептейді. Біз осы әдісті Қазақстан мен Қырғызстанға да қолданып, үш елдегі бағаларды 2026 жылғы қазан айы бойынша салыстырдық.
Салыстыруға үш елдің статистика органдары бағасын жариялайтын алты өнім алынды: күріш, сәбіз, сиыр еті, күнбағыс майы, пияз және тұз. Бұршақ пен зира Қазақстан статистикасында есепке алынбайтындықтан, зерттеуге енгізілмеді.
ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазанда Қазақстанда осы азық-түлік жиынтығы орта есеппен 3 728 теңге тұрған. Қырғызстанда оның құны 850 сом немесе 4 383 теңге, Өзбекстанда 120,7 мың сум немесе 4 570 теңге болған. Демек, көрші елдерде палау пісіру Қазақстанға қарағанда 17,6 және 22,6 пайыз қымбатқа түскен.
АҚШ долларымен есептегенде, азық-түлік жиынтығы Қазақстанда 8,3 доллар, Қырғызстанда 9,7 доллар, Өзбекстанда 10,1 доллар болған. Астанада да палау пісіру арзанға түскен: 3 676 теңге. Салыстыру үшін, Бішкекте бұл көрсеткіш 4 487 теңге, Ташкентте 4 934 теңге болған.
Үш елде де азық-түлік жиынтығы құнының шамамен 70 пайызы етке тиесілі. Қазанда сиыр етінің келісі Қазақстанда 3 811 теңге, Қырғызстанда 4 312 теңге, Өзбекстанда 4 639 теңге болған.
Екінші үлкен шығын – күріш. Оның бір келісі Қазақстанда 541 теңге, Қырғызстанда 735 теңге, Өзбекстанда 782 теңге тұрған. Ал үш елде де күнбағыс майының литрі шамамен 900 теңге болған. Қазақстан мен Өзбекстанда пияздың келісі 118–125 теңге аралығында сатылса, Қырғызстанда 202 теңгеге жеткен.
2025 жылғы қазанмен салыстырғанда, азық-түлік жиынтығы Қазақстанда ең баяу қымбаттаған – 5,3 пайыз. Қырғызстанда өсім 12 пайыз, Өзбекстанда 11,6 пайыз болған.
Бұған ең алдымен ет бағасының өзгеруі әсер еткен. Бір жылда сиыр еті Қырғызстанда 19,9 пайызға, Өзбекстанда 15,8 пайызға, Қазақстанда 9,3 пайызға қымбаттаған. Қазақстанда күріштің 13,3 пайызға арзандауы жалпы шығынның өсуін тежеген. Ал сәбіз 14,3 пайызға, күнбағыс майы 6,8 пайызға қымбаттаған.
Қазақстан қалалары арасында палау пісіру ең қымбатқа Өскеменде түскен – 4 113 теңге. Одан кейін Алматы (3 938 теңге) мен Шымкент (3 901 теңге) тұр. Ең арзан жиынтық Түркістанда (3 352 теңге), Қызылордада (3 471 теңге) және Көкшетауда (3 476 теңге) болған.
Бір жылда азық-түлік жиынтығы Алматыда 15,9 пайызға, Атырауда 13 пайызға, Талдықорғанда 12,7 пайызға қымбаттаған. Ал Ақтауда керісінше 12 пайызға, Петропавлда 5,2 пайызға, Көкшетауда 4,7 пайызға және Астанада 4,3 пайызға арзандаған. Ақтау мен Астанада бұған күріш бағасының төмендеуі, ал Петропавлда сиыр етінің 9,7 пайызға арзандауы әсер еткен.