Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Исламтану мамандығын алып тастау ұсынылды: әдебиеттанушы қандай қауіп барын айтты

Исламтану мамандығын алып тастау ұсынылды: әдебиеттанушы қандай қауіп барын айтты
Коллаж: ЖИ

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Мәдениет және ақпарат министрлігі исламтану мамандығын жалпы жіктеуіштен алып тастауды ұсынғанын мәлімдеді. Бұл бастаманы сынға алған әдебиеттанушы Арман Байжігіт мұндай шешім елдің рухани қауіпсіздігіне кері әсер етуі мүмкін екенін жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда исламтану, хадистану және теология бағыттары бойынша білім беретін тоғыз медресе бар екенін мәлімдеген. Оның сөзінше, Мәдениет және ақпарат министрлігі техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру деңгейінде аталған бағыттар бойынша маман даярлау қажеттілігін қайта қарауды ұсынған.

"Мәдениет және ақпарат министрлігі хадистану және теология бағыттары бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру деңгейінде мамандар даярлаудың қажеттілігі жоқ деген ұстанымға сүйене отырып, исламтану мамандығын жалпы классификатордан алып тастауды ұсынды. Бұл мәселе биыл тамызда өткен ведомствоаралық комиссия отырысында көтерілді. Мәселе өте өзекті", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, бұл мамандықтар кезінде елдің тарихы мен дәстүрін білетін отандық кадрларды даярлау қажеттілігіне байланысты ашылған. Мәселе бірнеше мемлекеттік органның құзыретіне кіретіндіктен, қазір ведомствоаралық деңгейде қаралып жатыр. Әзірге мамандықты жіктеуіштен шығару жөнінде түпкілікті шешім қабылданбаған.

Ал Арман Байжігіт мұндай өзгерісті жай ғана әкімшілік шешім ретінде қабылдауға болмайтынын айтады.

"Қарапайым тілмен айтқанда, біздің ел өз қолымен рухани иммунитетін әлсірету қаупіне тап болып отыр. Бұл қағаз жүзіндегі бюрократиялық өзгеріс қана емес. Ол ұлттық қауіпсіздігімізге, зайырлылық қағидатына және болашағымызға әсер етуі мүмкін", – деді ол.

Оның пікірінше, зайырлылық дін мәселесіне немқұрайды қарауды білдірмейді. Керісінше, мемлекет қоғамдағы діни үдерістерді ғылыми тұрғыдан түсіндіре алатын және радикалды идеологиялардың алдын алуға қабілетті мамандарды өзі даярлауға тиіс.

"Егер біз исламтанушы және теолог мамандар қажет емес деп, бұл бағытты жауып тастасақ, пайда болған бос кеңістікті жат ағымдар, күмәнді интернет уағызшылары мен деструктивті идеологиялар толтыруы мүмкін. Өз маманыңды тәрбиелемесең, өзгенің идеологиясына тәуелді боласың", – деді Арман Байжігіт.

Ол Қазақстанда кәсіби теологиялық білім беру жүйесі әлсіз болған кезеңде бірқатар жастың діни білім алу үшін шетелдегі күмәнді орталықтарға кеткенін еске салды. Кейін мемлекет елдің тарихын, салт-дәстүрін және дәстүрлі діни ұстанымдарын білетін отандық мамандарды даярлауға кіріскен.

"Радикализмге қарсы тұратын басты құрал тек күштік құрылымдар емес. Ең алдымен, сауатты діни ағарту, теологиялық және исламтанулық ғылыми жұмыс қажет. Егер мұндай мамандарды даярлау тоқтатылса, мешіттерге, оңалту орталықтарына және ақпараттық-түсіндіру топтарына кадрларды қайдан аламыз?"– деді ол.

Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Дін істері комитетінің дерегінде Қазақстанда исламдық бағыттағы 12 оқу орны бар екені көрсетілген. Оның тоғызы – медресе-колледж. Бұдан бөлек, «Нұр-Мүбарак» университеті мен екі ислам институты жұмыс істейді.

Арман Байжігіт жауапты мемлекеттік органдарды ұсынысты қайта қарап, діни бағыттағы мамандықтарды қысқартудың орнына олардың білім сапасы мен ғылыми әлеуетін күшейтуге шақырды.

"Зайырлылық – діннен бас тарту емес. Рухани қауіпсіздік – ұлттың өмір сүру кепілі", – деп қорытындылады ол.