Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстан мен Ресей арасында төрт жаңа әуе бағыты ашылады

Қазақстан мен Ресей арасында төрт жаңа әуе бағыты ашылады
Фото: Depositphotos.com

"Орал әуе желілері" Қазақстанға қатынайтын рейстер санын арттырмақ. 2026 жылғы 25 желтоқсаннан бастап ресейлік әуе компаниясы Екатеринбург пен Жуковский әуежайынан Алматы және Астана қалаларына тікелей ұшуды бастайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа бағыттарға Airbus ұшақтары жұмылдырылады. Екатеринбургтен Алматыға рейстер аптасына үш рет - сейсенбі, жұма және жексенбі күндері орындалады. Екі қала арасындағы ұшу ұзақтығы шамамен үш сағатты құрайды.

Ал 26 желтоқсаннан бастап Екатеринбург пен Астана арасында тікелей әуе қатынасы ашылады. Ұшақтар дүйсенбі, бейсенбі және сенбі күндері ұшады. Жолаушылар діттеген жеріне шамамен 1 сағат 50 минутта жетеді.

Мәскеу маңындағы Жуковский әуежайынан Алматы мен Астанаға күн сайын рейс қатынайды. Жуковскийден Алматыға дейінгі сапар 4 сағат 30 минутқа, ал Астанаға дейін 3 сағат 20 минутқа созылады.

Жаңа бағыттарға билеттер қазірдің өзінде сатылымға шыққан. Алматыдан Жуковскийге билет құны 64 мың теңгеден, Екатеринбургке 81,4 мың теңгеден басталады. Астанадан Жуковскийге 72 мың теңгеге, ал Екатеринбургке 41 мың теңгеге ұшуға болады.