Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен түсірілген видеоның әлеуметтік желілерде таралуына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, видеожазбаға қатысты тергеу басталып, оған қатысы бар жасөспірімдердің жеке басы анықталған. Олар ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізіліп, тергеу әрекеттеріне қатыстырылған.
Полицияның хабарлауынша, кәмелетке толмағандар профилактикалық есепке қойылған. Ал олардың ата-аналары балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылған.
Сонымен қатар білім басқармасы мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға құқықбұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстар енгізілген.
Полиция видеожазбаның таралу дерегі бойынша да жеке қылмыстық іс қозғаған. Қазір тергеу жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайына құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.