Әлемде атом энергетикасының дамуы уранға деген ұзақ мерзімді сұраныстың артуына ықпал етіп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (World Nuclear Association) базалық болжамына сәйкес, атом электр станцияларына қажетті уран көлемі 2025 жылғы шамамен 69 мың тоннадан 2040 жылға қарай 150 мың тоннадан асуы мүмкін.
Қазіргі уақытта әлемдегі бастапқы уран өндірісінің шамамен 40 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Ал әлемдегі ең ірі уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының үлесі шамамен 20 пайызды құрайды.
Компания 2026 жылдың тоғыз айындағы аудиттелмеген қаржылық есебін жариялады. Есепті кезеңде шоғырландырылған түсім шамамен 1,4 триллион теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға өскен. Операциялық пайда 560 миллиард теңгеден асса, таза пайда шамамен 479 миллиард теңгені құрады.
Бұған дейін биылғы тоғыз айда уран өндіру көлемі 20,5 мың тоннадан, ал сату көлемі 14 мың тоннадан асқаны хабарланған еді. Екі көрсеткіш те 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға артқан.
Әлемдік уран нарығының басты ерекшеліктерінің бірі – ұзақ мерзімді келісімшарттардың басымдығы. Энергетикалық компаниялар отын сатып алуды бірнеше жыл бұрын жоспарлайтындықтан, жеткізушінің сенімділігі, шикізат қорының қолжетімділігі және келісімшарттық міндеттемелерді орындау мүмкіндігі маңызды саналады.
«Қазатомөнеркәсіп» Азия, Еуропа және Америка елдеріндегі тұтынушыларға табиғи уран жеткізеді. 2026 жылы компания Үндістан мен Қытайдың ірі энергетикалық компанияларымен уран жеткізу жөнінде жаңа келісімшарттар жасасқан. Сонымен қатар өткізу нарықтарын әртараптандырумен қатар, уран тасымалдаудың балама бағыттарын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.
Уранға сұраныстың өсуі болжанып отырған жағдайда оны ұзақ мерзімді әрі тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету әлемдік атом энергетикасын дамытудың негізгі мәселелерінің біріне айналып отыр.