Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

«Қазатомөнеркәсіп» басшылығы акционерлерді сабырға шақырды

«Қазатомөнеркәсіп» басшылығы акционерлерді сабырға шақырды
Ашық дереккөз

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы «Самұрық-Қазына» қорындағы жемқорлық дауына байланысты акционерлер мен серіктестеріне үндеу жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Компанияның директорлар кеңесі басқармадағы үш мүшенің қызметінен босатылуы және олардың бірінің жемқорлық құқықбұзушылықтарына күдікпен ұсталуына байланысты туындаған алаңдаушылықты түсінетінін мәлімдеді.

Компания өкілдерінің айтуынша, қалыптасқан жағдай белгісіздік тудырғанымен, директорлар кеңесі ішкі бақылау жүйесі мен корпоративтік басқарудың тиімділігін қамтамасыз етуге жауапты. Осыған байланысты тәуелсіз тексеру немесе тергеу барысында анықталуы мүмкін кемшіліктерді жоюға дайын екенін жеткізді.

«Қазатомөнеркәсіп» құзырлы органдармен ынтымақтасып жатқанын және тиісті жауапкершілікті қамтамасыз етуге ниетті екенін атап өтті. Сонымен қатар кінәсіздік презумпциясы қағидатын құрметтейтінін айтып, құқықтық рәсімдер аяқталғанға дейін жекелеген тұлғалардың жауапкершілігі туралы қорытынды жасамайтынын мәлімдеді.

Ұлттық компанияның мәліметінше, қазіргі жағдай оның операциялық қызметіне әсер етпеген. 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық жоспарлар, сондай-ақ даму стратегиясы өзгеріссіз қалған. Басқарма өз жұмысын жалғастырып жатыр, ал қызметінен кеткен басшылардың міндеттері компания басшылығы арасында ішкі тәртіпке сәйкес қайта бөлінген.

Компания жаңа басшылар тағайындалған сайын тиісті ақпаратты белгіленген тәртіппен жариялайтынын хабарлады. Директорлар кеңесі ұйымның тұрақтылығы жекелеген басшыларға емес, қызметкерлердің тәжірибесіне, серіктестік байланыстарға және мүдделі тараптардың қолдауына негізделгенін алға тартты.