Абай университетінде тарихшы-ғалым, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Мәмбет Қойгелдиевтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттың қорытылған тарихы: бүгінгі жағдайы және болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ғылыми басқосу отандық тарих ғылымының қазіргі даму бағыттарын талқылау, ұлттық тарихты зерделеудің өзекті мәселелерін саралау, тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан бағамдау және отандық тарихнаманың болашақтағы басымдықтарын айқындау мақсатында ұйымдастырылды.

Ұлттың тарихи қалыптасу жолын, өткен дәуірлердегі үлкен оқиғалар мен тарихи тұлғалардың рөлін зерделеу тәуелсіз ел үшін игі шаруа. Бұл әрекет ұлттық тарихты ғылыми тұрғыдан бағамдау, тарихи мұраны сақтау, ұлттық сана мен тарихи жадыны қалыптастыру мәселелерін қамтиды.

Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Тілеп модераторлық еткен жиында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтау хатын оқыды.
«Мәмбет Құлжабайұлы – тарих ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген көрнекті ғалым, зерттеуші. Ол жиырмасыншы ғасырдың басында өмір сүрген ұлт қайраткерлерінің өмірі мен мол мұрасын зерттеп, жұрт жадын жаңғырту жолында аянбай еңбек етті. Өз зерттеулері арқылы ұлт тарихына қатысты шынайы көзқарас қалыптастырып, төл тарихымызды дәріптеу мақсатында зор еңбек сіңірді. Ғибратты ғалым еліміздің беделді оқу орындарында абыройлы қызмет етіп, жоғарғы білім саласында өз қолтаңбасын қалдырды. Қазір де көптеген шәкірт тәрбиелеп, ұлтымыздың зияткерлік қуатын арттыруда» делінген хатта.

Конференция жұмысына Қазақстан, АҚШ, Жапония, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина және Оңтүстік Корея ғалымдары мен зерттеушілері, отандық жоғары оқу орындардың өкілдері қатысты. Жиында Мәмбет Қойгелдиев «Отандық тарихнаманың қазіргі кезеңдегі даму ерекшеліктері туралы», тарихшы Ханкелді Әбжанов «Отандық тарих ғылымының көшбасшысы» тақырыптарында баяндама жасады. Сонымен қатар АҚШ-тың Мичиган университетінің профессоры Тимур Қожаұлы, Жапонияның Хоккайдо университетінің профессоры Томакихо Уяма, Ресей Ғылым академиясы Ресей тарихы институтының профессоры Дина Аманжолова және өзге де шетелдік ғалымдар тарихи зерттеулердің өзекті бағыттары бойынша пікір білдірді.

Конференция аясында академик Мәмбет Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» атты бес кітаптан тұратын монографиялық еңбегінің тұсауы кесілді. Сондай-ақ, университет ректоры Болат Анапияұлы ғалымды «Айрықша еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Айта кетейік, халықаралық конференция отандық және шетелдік ғалымдар арасындағы ғылыми байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және ұлттық тарихты зерттеудің жаңа бағыттарын айқындауға мұрындық болмақ.