Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Әлеуметтік желілерді бұғаттан шығарамыз деп 12 адамды алдаған атыраулық сотталды

Әлеуметтік желілерді бұғаттан шығарамыз деп 12 адамды алдаған атыраулық сотталды
pixabay.com

Атырау облысының тұрғыны әлеуметтік желілерді бұғаттан шығаруға көмектесемін және IT курсын ұйымдастырамын деп 12 адамды алдап, 13 млн теңгеден астам қаражат жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Атырау қаласының №2 соты оны ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін бірнеше рет алаяқтық жолмен иемдену және ақпараттық жүйені пайдаланушының сенімін теріс пайдалану арқылы қылмыс жасау бойынша кінәлі деп таныған.

Сот мәліметінше, ер адам 2022, 2024 және 2025 жылдары 12 адамға IT курсын ұйымдастыратынын айтып, олардың сеніміне кірген. Ол бұғатталған әлеуметтік желілерді ашуға, Jetu такси қосымшасына салынған ақшаны көбейтуге, тұрақты табыс табуға, инвестициядан пайда алуға, тауар жеткізуге және интернет-алаяқтарға алданып аударылған ақшаны қайтаруға көмектесетінін уәде еткен.

Алайда уәделерін орындамай, азаматтардың ақшасын иемденген. Соның салдарынан 12 адамға жалпы сомасы 13 млн 361 мың теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.

Сотталушының бес кәмелетке толмаған баласы бары жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілген. Сондай-ақ ол кінәсін мойындап, шын жүректен өкінген және жәбірленушілерге келтірілген залалдың 10 млн 392 мың теңгесін ішінара өтеген.

Сот оған бастапқыда төрт жыл сегіз ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Алайда 2026 жылғы 1 шілдедегі жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес жаза мерзімі төрттен біріне қысқартылып, түпкілікті үш жыл алты ай бас бостандығын шектеу жазасы белгіленген.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.