Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Алматыдағы "Алатау" теннис орталығында балаларға шеберлік сабағын өткізді. Жас спортшылар әлемдік рейтинг көшбасшысымен бір кортта ойнап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды dalanews.kz ҚТФ-ға сілтеп.
Спортшының Алматыға сапары аясында баспасөз мәслихаты да өтті. Әлемнің бірінші ракеткасы өткен маусымды қорытындылап, алдағы жоспарлары, командалық жарыстарға қатысу мүмкіндігі және Олимпиада ойындарына дайындық туралы айтты.
"Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсету мүмкіндіктерін қарастырамыз. Әзірге турнир күнтізбеcі қалай қалыптасатынын айту қиын. Ең алдымен денсаулығыма мән береміз. Басты мақсат – ірі турнирлерде өнер көрсету және алдағы Олимпиада ойындарына дайындалу", – деді Рыбакина.
Теннисші Алматыға оралғаннан кейінгі әсерін бөлісіп, қазақтың ұлттық тағамдарының қайсын ұнататынын да айтты.
"Маған Алматының климаты қатты ұнайды. Мұнда достарым көп, сондықтан Алматыға келген сайын өзімді үйдегідей сезінемін. Ұлттық тағамдардың көбін жақсы көремін, әсіресе, ет пен тәттілерді ұнатамын", – деді спортшы.
2026 жыл Елена Рыбакина үшін де, бүкіл Қазақстан теннисі үшін де тарихи жыл болды. Спортшы төрт турнирде топ жарды. Оның екеуі - "Үлкен дулыға" санатындағы Аустралия ашық чемпионаты (Australian Open) және АҚШ ашық чемпионаты (US Open). Рыбакина кәсіби мансабында алғаш рет WTA әлемдік рейтингінің көшін бастап, маусымды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтады.