Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Алматыда бес адам қаза тапқан өрт: үй иесі өз нұсқасын айтты

Алматыда бес адам қаза тапқан өрт: үй иесі өз нұсқасын айтты
"Жетінші арна"

Алматыда бес адамның, соның ішінде баланың өмірін қиған өртке қатысты жаңа дерек айтылды. Өртенген үйдің иесі Қуаныш Кеңес оқиғаға осы үйде бұрын тұрған әйелдің қатысы болуы мүмкін деп санайды. Оның айтуынша, шамамен үш ай бұрын әлгі әйел осы үйде тағы бір өрт шығарған, деп хабарлайды dalanews.kz "Жетінше арнаға" сілтеп.

Ол кезде өрт сөндіріліп, полицияға хабар берілмеген. Кейін әйелді үйден шығарып жіберген. Алайда, Қуаныш Кеңестің пікірінше, қайғылы оқиға болған түні ол үйге қайта кіріп, жанғыш қоспа төгіп, өрт қоюы мүмкін.

Үй иесі өз сөзін растайтын бейнежазбалар мен куәгерлер бар екенін айтады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын тергеу органдары анықтап жатыр.

"Ол үйге негізгі кіреберіс арқылы кірген. Жанғыш қоспаны төгіп, өрт қойған да, сол есікпен қайта шыққан. Сосын үйде тұратын адамдар сыртқа шыға алмауы үшін негізгі есікті жауып кеткен", – деді үй иесі Қуаныш Кеңес.

Еске салайық, 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйден өрт шықты. Жалын 100 шаршы метрден аса аумақты шарпыған. Өрт салдарынан бес адам қаза тапты. Куәгерлердің айтуынша, марқұмдардың арасында тоғыз жастағы қыз болған. Тағы тоғыз тұрғын баспанасыз қалды.