Алматыда 13 көлікке зақым келген көшедегі шұңқыр үшін мердігер әкімшілік жауапқа тартылды

Сағыныш Сардарова 25 қыр. 2025 18:00

Алматыда 13 көлікке зақым келген Аманжол көшесіндегі шұңқыр үшін мердігер әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы Саин, Шаляпин, Яссауи және Жандосов көшелерінің аумағында инженерлік желілерді жүргізіп жатқан мердігер ұйымға қатысты жоспардан тыс тексерістің нәтижесін хабарлады.

Тексеріс барысында "СпецСтрой Групп ЛТД" ЖШС бірқатар құрылыс нормасын бұзғаны анықталды.

"Траншеялардың қия беткейлері бекітілмеген, жергілікті дымқыл топырақ қабаттап нығыздалмастан қайта көміліп, кейбір учаскелерде траншеяға жер асты сулары толып қалған. Аманжол және өзге де көшелерде инертті материал төселмегендіктен, топырақтың тығыздалу деңгейі талапқа сай болмай шықты. Соның салдарынан жауын-шашын кезінде жол жабындысы отырып, терең шұңқырлар пайда болды", - деп жазылған әкімдік хабарламасында.

Қала құрылысын бақылау басқармасы мердігер ұйымға анықталған кемшіліктерді 2025 жылы 8 қазанға дейін жою жөнінде нұсқау берді. Егер белгіленген мерзімде талаптар орындалмаса, іс сотқа жолданып, заң аясында процессуалдық шешім қабылданады.

Еске салайық, 23 қыркүйекте Алматыда жауған қатты жаңбырдан кейін Аманжол көшесінің бір бөлігі қайта бүлінді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жауыннан кейін бұл көше тұтас арыққа айналады. Бір апта бұрын дәл осы жерде бірден 13 көлік шұңқырға түсіп кеткен еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар