23 қыркүйекте Алматыда болған қатты жаңбырдан кейін Аманжол көшесінің бір бөлігі қайта бүлінді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жауыннан кейін бұл көше тұтас арыққа айналады. Бір апта бұрын дәл осы жерде бірден 13 көлік шұңқырға түсіп кеткен еді.
Куәгердің сөзінше, су жоғары көшелерден төменге ағып, асфальтты шайып кетеді. Оның айтуынша, көліктер суға батып қалғаннан кейін коммуналдық қызметтер жолды тек топырақпен көміп қойған, соның кесірінен көшені қайтадан су шайған.
"Апаттан кейін алты күн өтті, тағы да бәрін топырақпен көміп тастады, бірақ жаңбыр бәрібір шайып кетті. Арықтарды қосу үшін жер қазды, бірақ жұмысты аяқтамай, құбырларды жол жиегіне тастап кеткен. Енді бүкіл көше тұтас арыққа айналды", – деді ол.
Тұрғын түсірген видеода адамдардың тастан тасқа секіріп, көшеден өтіп жатқаны көрінеді. Оның айтуынша, бұл мәселе осы жерде 20 жылдан бері шешілмей келеді.
"Бүкіл ауданнан жиналған жауын суы бір жерден шығады: құбырдан су сарқырап, жыл сайын осы көшенің асфальтын шайып кетеді. Ұзындығы 200 метр арық жапырақ пен қоқыстан тез бітеліп қалады, су сыртқа шығып, жолды қайта бүлдіреді. Әр нөсерден кейін оны көміп, жөндейді, бірақ алғашқы жауын бәрін тағы шайып кетеді. Мен бұл жерде 20 жылдан бері тұрамын, мәселе сол күйі шешілмеген", – дейді ол.
Тұрғын жергілікті билік өкілдерін көшеден көрмегенін айтты.
"Бүгін аудан әкімінің орынбасары осында күрекпен жүргенін айтты, бірақ оған күректің не керегі барын түсінбеймін. Ол дрон ұстап жүруі керек қой, сонда ғана ливневканы қалай қайта бөлу керегін көре алады", – деді ол.
19 қыркүйекте Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мердігерлерді қадағалаудағы олқылықтар үшін Әуезов ауданы әкіміне қатаң сөгіс жариялады. Аманжол көшесіндегі асфальттың опырылып, 13 көліктің зақымдануына («Спецстрой Групп ЛТД»), сондай-ақ Яссауи көшесіндегі жағдайға («Спецкоммунстрой») байланысты шара қолданылды.
Сонымен қатар, Медеу ауданының әкімі сөгіс алып, Бостандық ауданы әкімінің орынбасары қызметінен босатылды.