Алматыдағы №1 қалалық емханада еңбек жағдайына қатысты қызметкерлерден бірқатар шағым түсіп жатыр. Медицина ұйымы қызметкерінің айтуынша, кейінгі жылдары жалақы төлеу жүйесі, жұмыс жағдайы және ұжым ішіндегі қысым мәселелері алаңдаушылық туғызған. Dalanews.kz редакциясы аталған мекемеде жұмыс істейтін қызметкермен тілдесіп, жағдайдың мән-жайын анықтауға тырысты.
Басшылық ауысқаннан кейінгі өзгерістер
Редакцияға бұл мәселелерді Алматы тұрғыны, №1 қалалық емханада жұмыс істейтін 28 жастағы медбике Гүлжан Үсербаева жеткізді. Оның айтуынша, 2023 жылы мекемеге жаңа басшылық тағайындалғаннан кейін ұжымдағы еңбек қатынастары айтарлықтай өзгерген.
Медбикенің сөзінше, емхана басшысы Немтина Наталья Владимировна бұрын жұмыс істеген №14 қалалық емханадан шамамен 20 қызметкерді өзімен бірге алып келген. Айтуынша, санитарлық қызметкерден басқа қызметкерлердің барлығына жоғары жалақы белгіленген, ал бұрыннан еңбек етіп келе жатқан мамандардың жалақысы өзгеріссіз қалған.
Гүлжан өз жалақысы шамамен 179 мың теңге екенін, ал жаңадан келген медбикелердің жалақысы 349 мың теңгеге дейін жететінін айтты. Оның сөзінше, кейбір қызметкерлердің айлығы 500 мың теңгеден асуы мүмкін. Медбике бұл айырмашылық бірдей еңбек жүктемесіне қарамастан сақталып отырғанын айтып, есеп айырысу парақтары мен ішкі құжаттар мұны растауы мүмкін екенін жеткізді.

Есеп айырысу құжаттарын алудағы қиындықтар
Гүлжанның айтуынша, 2025 жылдың қазан–қараша айларында қызметкерлер жалақы есептерін тексеру үшін Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының қабылдауына баруға ниет білдірген. Алайда 2023 жылдан бергі есеп айырысу парақтарын алу қиынға соққан.
Құжаттарды алғаннан кейін келесі күні қызметкерлер этикалық кеңестің отырысына шақырылған. Медбикенің айтуынша, бұл жиын ресми түрде рәсімделмеген, хаттама жүргізілмеген, қатысушылар қол қоймаған және жазбаша шешім шығарылмаған.
Комиссия тексеруі және қысым туралы мәлімдемелер
Мәселе бойынша қызметкерлер еңбек құқықтарының сақталуына қатысты ресми шағым жолдаған. Осыдан кейін мекемеге тексеру комиссиясы келген. Тексеру барысында 19 қызметкер қол қойып, өз ұстанымдарын білдірген.
Алайда медбикенің айтуынша, тексеруден кейін жағдай шиелінісе түскен. Оның сөзінше, кейін осы 19 қызметкердің барлығы жеке шақырылып, түсініктеме жазуға мәжбүрленген.
Медбике мен оның әріптестері бұл мәселеге қоғам назарын аудару үшін журналистерден көмек күтетінін жеткізді.
Кеңес отырысынан кейінгі кадрлық өзгерістер
Гүлжанның айтуынша, аталған отырыста екі қызметкердің есімі аталған. Келесі күні дәрігерлердің бірі жұмыстан босатылған. Тағы бір медбикенің жалақысы қысқартылып, ол 2026 жылдың ақпанында жұмыстан кеткен. Қызметкер бұл жағдайды еңбек құқығын қорғауға талпыныстан кейінгі қысымның белгісі деп санайды.
Жұмыс жағдайы: санитарлық және техникалық мәселелер

Медбикенің айтуынша, мәселе тек жалақымен шектелмейді. Оның сөзінше, жұмыс орындарындағы жағдай да талапқа сай емес. Кабинеттерде санитарлық материалдар жетіспейді, кейбір компьютерлер істемейді, жиһаздар бүлінген. Пернетақта мен компьютерлік тінтуірлердің тозуы да жұмыс сапасына әсер етіп жатыр.

Сонымен қатар санитарлық тораптардың жағдайы қанағаттанарлықсыз, желдету жүйесі жұмыс істемейді, жазда кабинет ішіндегі температура 40 градусқа дейін көтеріледі. Қызметкерлер бірнеше рет кондиционер орнатуды сұрағанымен, мәселе шешілмеген.
"Өлі жандар" туралы күдік
Гүлжан мекемеде жұмыс істемейтін, бірақ жалақы алуы мүмкін адамдар бар деген күдік бар екенін айтты. Оның айтуынша, бұл туралы құжаттық дәлелдер бар. Дегенмен бұл ақпарат тәуелсіз тексеруді қажет етеді.
Қызметкерлер не талап етеді?
Қызметкерлер құзырлы органдардан еңбек заңнамасының сақталуын тексеруді, жалақы жүйесінің ашықтығына құқықтық баға беруді, қысым көрсету фактілерін зерттеуді және еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын тексеруді сұрайды.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, тең еңбек үшін тең ақы төлеу қағидаты сақталуы тиіс және әр қызметкер қауіпсіз еңбек жағдайына құқылы. Қызметкерлердің заңды шағым жасауына кедергі келтіруге жол берілмейді. Дегенмен нақты құқықтық баға ресми тексеру нәтижесінде ғана беріледі.
Емхана басшылығының ұстанымы
Редакция қолына түскен жиналыс жазбасында емхана басшысы Немтина Наталья Владимировна қызметкерлерге жалақы мен қаржыландыру мәселесіне қатысты түсініктеме берген.
Жазбада басшы қызметкерлерді жұмысқа кіріспес бұрын “жүз рет ойланып алу” керегін айтып, жалақының есептелуі қолданыстағы нормативтерге сәйкес жүргізілетінін жеткізген. Оның айтуынша, барлық қызметкер жалақыны тиісті қаулыға сәйкес алады.
"Біз жалақыны №1193 қаулыға сәйкес есептейміз. Барлығы еңбек өтілі мен санатына қарай төленеді", – деген ол.
Ол сондай-ақ мекеме қаржылық қиындыққа тап болғанын айтқан.
"Мен келген кезде үлкен несие берешегі болды. Алғаш рет ФОМС 132 млн теңге бөлді, қарыздың бір бөлігін жаптық. Бірақ берешек өсіп, қазір 205 млн теңгеге жетті", – деп мәлімдеген ол.
Басшының түсіндіруінше, қызметкерлердің табысы көрсетілген медициналық қызмет көлеміне де байланысты. Ол медициналық қызметтер дұрыс тіркелмеген жағдайда төлемдер қысқартылатынын айтып, қызметкерлерге қызметтерді уақытылы әрі дұрыс енгізудің маңызын түсіндірген. Оның сөзінше, “ОМС қоры мониторинг жүргізіп, қателер анықталған жағдайда қаржы автоматты түрде шегеріледі”.
Жиналыс барысында ол қызметкерлерге сыйақы төлеу мәселесіне де тоқталып, қарыз көлеміне байланысты қосымша төлем жасау заңсыз болатынын айтқан. Басшының сөзінше, бір рет 7 млн теңге көлемінде сыйақы берілген, алайда қазіргі қаржылай жағдай мұндай төлемдерді тұрақты түрде жасауға мүмкіндік бермейді.
Сондай-ақ ол әр қызметкер көрсетілген қызметтерді дұрыс тіркеп, қаржыландыру талаптарын орындауы қажет екенін айтып, “әр дәрігер белгілі бір деңгейде қаржы мәселесін де түсінуі тиіс” деген пікір білдірген.
