Алматы полициясы атыс туралы жалған ақпарат таратқандарды жауапқа тартпақ

Dalanews 19 шіл. 2016 09:01 1136

Алматы ІІД әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді тексереді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Қалалық полиция баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбектің айтуынша, әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын ақпараттарды таратқан азаматтар бірі қалмай қылмыстық жауапқа тартылады.

– Мұның алдында әлеуметтік желілерді тексеруді бастайтынымызды хабарлаған едік, тексерілмеген деректерді таратқандар қылмыстық кодекске сай жауап береді. ҚР ҚК 274-бабы 2-тармағында «Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату, «бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп айтылған», – деді С.Әзірбек.

Естеріңізге салып өтсек, кеше лаңкестік оқиға орын алған кезде әлеуметтік желіде адамдардың кепілге алынғаны, лаңкестердің бірнешеу екені туралы жалған ақпараттар тараған болатын.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар