Шарада алдымен өңірдегі спорт саласының өткен жылғы дамуы, спортшылардың жеткен жетістіктері туралы бейнеролик көрсетіліп, жеңісті жолдары таныстырылды. Жиналған қауымға алғашқы болып сөз арнаған облыс әкімі Амандық Баталов спорт саласына көрсетіліп отырған қолдаулар жайлы қысқаша айтып, спортшыларға шеберлік, ерік-жігер, күш-қайрат тіледі:
– Қазіргі кезде барлық жастағы азаматтар арасында бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударылып келеді. Біз әрбір аудан орталығында заманауи спорт кешендерін салып жатырмыз. Өткен жылы Қарасай және Ескелді аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Жақын арада Көксу ауданы Балпық би ауылындағы спорт кешені ашуға дайын. «Ауыл ел - бесігі» бағдарламасы бойынша Балқаш, Алакөл, Ұйғыр, Ақсу, Райымбек аудандарында 5 осындай кешен салынып жатыр. Бұл жалпы тұрғындарды, жастарды бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға көптеп тартуға мүмкіндік береді. 2020 жылы облыста спорт саласын дамытуға 18,3 млрд. теңге бөлдік.
Жуырда Талдықорған қаласында Орта Азияда теңдесі жоқ Олимпиадалық стандартқа сай «Талдықорған» орталық бассейнін іске қосамыз. Мұнда балаларымыздың бассейнде емін-еркін жаттығуына мүмкіндік туады. Бұл ғимаратта Әлем чемпионаттарын өткізуге болады. Сол сияқты біз спорт мектептерін ашып, штат беріп, бүгін арнайы көлік сатып әперіп отырмыз. Материалдық-техникалық базаны жақсарту шаралары спортшы жастардың жақсы нәтижеге жетуіне ықпал етеді деп ойлаймын. Еліміздің көк туы әрқашан биікте желбіресін. Істеріңіз сәтті болып, алға қойған мақсат-мұраттарыңызға жете беріңіздер, – деген А. Баталов.
Бұдан кейін облыс басшысы әрі марапаттау рәсіміне көшіп, үздік спортшыларға Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын, арнайы дипломдар және 300 мыңнан 2 млн теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар тапсырды.
Марапат алғандар қатарында ММА спортынан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 3 дүркін Әлем чемпионы Ардақ Назаров, кәсіпқой боксшылар Жанқош Тұраров пен Айдос Ербосынұлы, тәрбиеленуші спортшылары халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін бірқатар жаттықтырушылар – садақ атудан Нигматулла Сайдиев, велоспорттан Санат Таласпаев пен Сәбит Тайменкенов, әйелдер күресінен Әділет Ермаков, пауэрлифтингтен Дәурен Елубаев, шахматтан Қуаныш Жарқымбаев, сол сияқты велоспорттан ҚР-ның 2020 жылғы чемпионы Бақытжан Бектенов, 10 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында шахматтан өткен онлайн Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Елназ Қалиахмет, индорхоккейден әйелдер арасындағы ҚР чемпионы Виктория Лобанова, баскетболдан айелдер арасында ҚР чемпионы Диана Бушмелова және басқа да бірқатар азаматтарға құрмет көрсетілді.
Облыстағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне барлығы 22 шағын автобус көлігінің кілті берілді. Осы басқосуда спорт саласын ақпарат құралдарында насихаттап жүрген журналистер де марапат алды.
Жиын барысында Ардақ Назаров пен Виктория Лобанова сөз алып, әріптестерін мерекелі күнмен құттықтап, болашақта Жетісу өңірінен әлем чемпиондары көптеп шығуына тілектестігін білдірді.
Атап өтсек, тек өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс спортшылары барлығы 853 жүлдеге ие болған. Соның ішінде 292-сі – алтын, 258-і – күміс, 303-і – қола медаль. Жыл ішінде 20 халықаралық спорт шебері, 124 спорт шебері, 375 спорт шеберлігіне кандидат, 166 бірінші разрядты спортшы дайындалды. Өңір спортшылары Токиодағы XXXII Жазғы олимпиада ойындарына қатысуға 7 лицензия ұтып алған. Олардың арасында садақ атудан Санжар Мусаев, Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, жеңіл атлетикадан Айман Ратова, грек-рим күресінен Асхат Дильмухамедов, велоспорттан Сергей Пономарев, ауыр атлетикадан Зульфия Чиншанло бар.