Алматы облысының Швейцариядағы ынтымақтастық қадамдары

Dalanews 17 қаз. 2017 05:41 859

Қазақстан Республикасының Швейцариядағы Елшілігінің көмегімен жуырда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған делегация Швейцарияның Тичино кантонына жұмыс сапарымен барды. Бұл сапар  Қазақстан - Швейцария өңіраралық ынтымақтастығына жаңа серпіліс береді деп күтілуде.



Қазақстан делегациясының құрамында облыс әкімдігінің, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің, «Алматы облысын дамыту бойынша «Алатау» АҚ, облыстың кәсіпкерлік ұйымдары өкілдері және «Жетісу» ӘКК» ұлттық компаниясының басшылығы да бар.

Сапар кантонмен сауда-экономикалық, қаржы және ғылыми-техникалық ынтымақтастық орнатуды, Қазақстандағы бизнес жүргізудің жеңілдетілген шарттарымен таныстыруды, сондай-ақ, келешек ынтымақтастықты кеңейту мен жаңа салаларды бірлесіп табуды мақсат етті.

Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігінің хабарлауынша, Алматы облысының әкімі А.Баталовтың Тичино кантонының Президенті Мануэле Бертолимен, Мемлекеттік канцлер Арнольдо Кодуримен, Экономика және қаржы министрі Кристиан Виттамен, Лугано қаласының әкімі Марко Боррадоримен, Тичино кантоны банкінің Директорлар кеңесінің төрағасы Фабрицио Числаквичпен, Қолданбалы ғылым мен өнер оңтүстік Швейцарияның Университетінің (SUPSI) Инновация мен зерттеу департаментінің орынбасары Жанбатисто Раваномен және 20-дан астам швейцариялық компаниялар басшыларымен кездесулері өтті. Алматы облысы делегациясының мүшелері Тичино кантонындағы қоқысты қайта өңдеу бойынша ең ірі кәсіпорын «Azienda Cantonale die Rifiuti», шоколад өндіретін «Chocolat Stella», энергетика және ақпараттық технологиялар бойынша «АВВ» компанияларымен, сондай-ақ Айроло қаласында тау шаңғысы курорты, асыл тұқымды сиыр шаруашылығы және ірімшік пен сүт өнімдерін шығаратын зауыттардың жұмысымен танысты.

«Azienda Cantonale die Rifiuti» - Тичино кантонының қалдықтарды терең өңдейтін ең ірі зауыты, тәулігіне 100 тонна қалдықты өңдеп, 10 МВт энергия мен 2 МВт-тан астам жылу қуатын өндіретінін атап өту қажет.

Тичино кантоны басшылығымен келіссөздер барысында сауда-экономикалық, білім, ғылым, туризм, ауыл шаруашылығы және қаржы мәселелерінде ынтымақтастықты нығайту жайы талқыланды. Кантонның Президенті Мануэле Бертоли Алматы облысы мен Тичино кантонының екіжақты ынтымақтастық үшін үлкен әлеуеті бар екендігіне және бұл  сапар оның іс жүзінде жүзеге асырылуына ықпал ететініне ерекше көңіл аударды.

Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымының және Еуразиялық Экономикалық Одағының мүшесі болуына тиімділігі, еліміздегі кең инвестициялық преференциялар және бизнес жүргізу үшін жеңілдетілген шарттары Швейцария іскер топтарының арасында ерекше қызығушылық тудырды.

Өткізілген кездесулердің нәтижесінде тараптар Алматы облысындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін зерттеуге, тәжірибе алмасуға, әсіресе Оңтүстік Швейцарияның қолданбалы ғылымдар және өнер университетімен (SUPSI) білім және ғылым саласында ынтымақтастықты нығайтуға қол жеткізді. Қазақстан тарапы Кантон басшылығымен жергілікті іскер топтарын Алматы облысына іссапармен келуге шақырды.

Тичино кантоны - Швейцарияның ірі қаржы орталықтарының бірі, сондай-ақ мұнда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім, туризм, құрылыс, мәшина жабдықтары, фармацевтика мен биомедицина салалары дамыған. ЖІӨ 28,6 млрд. АҚШ долл., халықтың жан басына шаққанда ЖІӨ 82,1 мың АҚШ долл., ал Швейцарияның ЖІӨ-ге үлесі 4,5% құрайды.

 

Алматы облысы әкімдігінің баспасө қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар