Америкалық PepsiСo компаниясы Алматы облысындағы жаңа зауытқа $160 млн жеке инвестиция салады.
Премьер-Министр Олжас Бектенов Ресей, Беларусь, Кавказ, Орталық Азия елдеріндегі PepsiСo азық-түлік өнеркәсібі саласындағы ірі трансұлттық корпорациясының Президенті Давид Манзинимен кездесу өткізді. Негізгі мәселе – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен PepsiCo Президенті Рамон Лагуарта арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру. Алматы облысында Lays қытырлақ картоптары секілді тұзды жеңіл тағамдар өндіретін зауыт салу жобасы талқыланды.
Бүгінгі таңда снектер шығаратын толыққанды жаңа зауытқа $160 млн көлеміндегі шетелдік жеке инвестиция бөлінді. Өндірісті локализациялау және инновациялық технологиялар трансфері қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің жаңа деңгейіне өтуге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Іске қосылғаннан кейін бұл Орталық Азиядағы ең ірі жоба болмақ. Зауытты 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Қуаты – жылына 16 мың тоннаға дейін дайын өнім шығарады. Кейіннен 2027 жылдан бастап 21 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Дайын өнім Орталық Азия нарығына және одан тысқары жерлерге жеткізілетін болады.
Құрылыс кезеңінде мыңға жуық адам жұмысқа тартылады, ал жобаның өзінде 350-ге жуық білікті маманға арналған жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Давид Манзини жобаны жүзеге асыру барысында компания негізінен жергілікті шикізатты сатып алуға ниетті екенін айтты. Қазақстандық фермерлермен картоптың сынақ партияларын жеткізуге келісімшарттар жасасу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
2026-2030 жылдары 50-66 мың тоннаға жуық, кейінірек сатып алынатын картоп көлемін одан әрі ұлғайту жоспарда бар. Процестердің технологиялығын ескере отырып, жоғары қайта өңдеу деңгейі қамтамасыз етіледі, ал жаңа озық әдістер экологиялық тұрақтылық қағидаттарына сәйкес келуге мүмкіндік береді. Осылайша, жаңа зауыттың қалдықтары 100% қайта өңделіп, кәдеге жаратылады.
Компания жобаны қысқа мерзімде іске асыруға мүдделі. Қазақстанда құрылған қолайлы инвестициялық ахуал қазірдің өзінде жобаны дамытудың келесі кезеңдерін пысықтауға мүмкіндік береді. Кейін PepsiCo өнімдердің басқа да көптеген түрін шығару үшін зауытты жаңғыртуға тағы да инвестиция салады. Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл жобаның ауыл шаруашылығын дамыту, қазақстандық шаруалардың табысын арттыру және жалпы алғанда экономиканы нығайту үшін маңызын атап өтті. Себебі осындай ауқымды инвестициялық бастамалар Президенттің экономиканы әртараптандыру бойынша алға қойған мақсаттарына сәйкес келеді. Жобаның азық-түлік өнеркәсібі мен АӨК үшін маңызымен қатар, зауыт құрылысы іргелес көлік, логистика, ауыл шаруашылығы өнімдерін қаптау және қайта өңдеу салаларына мультипликатив әсер етеді.
«АҚШ – Қазақстанның маңызды инвестициялық серіктестерінің бірі. Қазақстан PepsiCo секілді стратегиялық инвесторлармен ұзақмерзімді ынтымақтастыққа мүдделі. Біз инвестицияларды қорғауға қатысты міндеттемелерді сақтаймыз және қолдауға дайынбыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Зауыт Үкіметтің ерекше бақылауындағы басым инвестициялық жобалар пулына енгізілген. Жалпы осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша пул 122,5 мың жұмыс орнын ашатын, 32 трлн теңгені құрайтын 704 жобадан тұрады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның азық-түлік әлеуетін арттыруға ықпал ететін жаңа жобаларды жүзеге асыру бойынша өзара іс-қимылды кеңейту және ұзақмерзімді ынтымақтастықты құру ниетін растады.