Алматы облысында бір ғасырлық мектептің тағдыры қыл үстінде: мұғалім дабыл қақты

Қаракөз Амантай 30 қаң. 2026 08:00

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Азат ауылындағы мектеп бірнеше жылдан бері қоғам назарынанан түспей келеді. Себебі бір ғасырдан астам уақыт бұрын балшықтан тұрғызылған ғимараттың қазіргі жағдайы мүшкіл. Ұстаз әрі қоғам белсендісі Сұлтан Сүлеевтің айтуынша, жаңа мектеп салу жөніндегі билік уәдесі жылдар бойы орындалмай келеді. Бұл туралы ол Dalanews.kz редакциясына мәлімдеді.

Мұғалімнің уәжі

Сұлтан Сүлеев бұл мәселені 2023 жылдан бері тұрақты түрде көтеріп келе жатқанын алға тартты. Алайда осы уақыт ішінде түрлі деңгейдегі басшылар тарапынан уәде көп болғанымен, нақты нәтиже болмаған.

Қазіргі таңда мектеп карантинге жабылып, оқушылар онлайн оқуға көшірілген.

“Кездескен бастықтардың барлығы қатырамыз, соғамыз деп ант-су ішеді. Үш жыл болды, саусақтарын қимылдатпады сабаздар. Менен құтылу үшін уәде бере салу оңай оларған”, — дейді ол.

Ұстаздың айтуынша, сол кездегі Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та мектеп мәселесін жеке бақылауына алатынын айтқан. Оның айтуынша, сол кезеңде министрліктің қолында жемқорлардан қайтарылған қаражат болған. Министр Азат ауылына мектеп салуды жеке бақылауына алатынын айтып, қаражат бөлінетініне уәде берген. Алайда бұл да орындалмаған.

“Министрліктің, облыстың, ауданның құрылыс басқармалары істі бір-біріне сілтеп, созбаққа салды. Мектеп директоры да, ұстазы да министрге барды. Ата-аналар облыс әкіміне дейін кірді. Бірақ бәріне “не положено” деген жалтарма жауап қайтарылды”, – дейді ол.

Сондай-ақ Алматы облыстық білім басқармасының қазіргі басшысы Арайлым Төлеубекова да мектеп мәселесіне қатысты уәде берген.

“2025 жылы құрылыс басталады деді. Бірақ мұндай уәдені билік он жыл бойы беріп келеді. Сондықтан сену қиын”, – дейді Сұлтан Сүлеев.

Ол мемлекеттік қызметкерлердің ант беру рәсіміне де күмәнмен қарайтынын жасырмайды.

“Мемлекеттік қызметкерміз деп ант берген де шығар. Бірақ ол ант креслоға отырар алдындағы пайдасыз ритуал ма деп ойлаймын. Елдің тілегіне құлақ аспаса, анттың не керегі бар?” – дейді ол.

Қазір Сұлтан Сүлеев бар үмітін жаңа министр Жұлдыз Сүлейменоваға артып отыр.

“Сіз Алматыға келіп, менімен кездесемін депсіз. Менің керегім жоқ. Осы мектепке барып көрейік. Күн суықта барайық. Облыстық және аудандық білім басқармасының басшылары да келсін. Өз көздерімен көрсін”, - деп атап өтті ол.

Ата-аналардың ұжымдық үндеуі

2023 жылдың соңында оқушылардың ата-аналары Оқу-ағарту министріне, облыстық білім басқармасына, облыс әкіміне және кәсіподақ басшылығына да ұжымдық хат жолдаған.

Хатта ата-аналар мектептің өте ауыр жағдайда екенін ашық жазған.

“Мектеп 1923 жылы салынған. 2023 жылы 100 жылдығын атап өтті. Қазіргі таңда мектеп 140 оқушыға есептелген, ал іс жүзінде 427 бала оқып жатыр”, – делінген хатта.

Ата-аналардың айтуынша, мектепте ешқашан күрделі жөндеу жүргізілмеген, тек жыл сайын косметикалық жөндеумен шектелген.

“Температуралық режим өте нашар – сыныптарда 15–17 градус, кейде 18–20 градусқа әрең жетеді. Сондықтан көптеген сыныпта электр жылытқыштарын қолдануға мәжбүрміз”, – деп жазған олар.

Сонымен қатар хатта ғимараттың қауіпсіздігіне тікелей қатер бар екені де айтылған.

“Мектеп қабырғалары шаруашылық тәсілмен, балшық негізінде салынған. Төбенің сылағы кейде құлап, балалар мен қызметкерлердің өміріне қауіп төндіреді. Ғимарат сейсмикалық талаптарға сай емес”, – деп көрсетілген.

Ата-аналар хатында ауылдың дәл жанында 2016 жылы салынған жаңа мектептің жағдайымен салыстыру да бар.

“2016 жылы 300 орындық жаңа мектеп салынды. Қазір онда 500-ге жуық оқушы оқып жатыр. Кабинеттері кең, жарық, жылы, асханасы бар. Бір ауылда тұрып, балаларымыздың осындай теңсіз жағдайда білім алуы әділетсіз”, – дейді ата-аналар.

Соған қарамастан, ата-аналар ескі мектептен кетуді емес, жаңа мектеп салынуын талап етіп отырғанын айтады.

“Біз 100 жылдық мектептен кеткіміз келмейді. Мұнда мұғалімдер мықты, балаларымыз жыл сайын түрлі деңгейдегі олимпиадалардың жүлдегері атанып жүр”, – деп жазылған хатта.

Ата-аналар 2022 жылы Рахат ауылдық округі жаңа мектеп салу үшін 2 гектар жер бөлгенін де атап өткен.

Министрлік не деді?

Ата-аналардың және ұстаздардың үндеуіне 2024 жылғы қаңтарда ҚР Оқу-ағарту министрлігі ресми жауап берген. Құжатта Азат ауылында жаңа мектеп салу Ұлттық жоба аясында қарастырылмағаны айтылған.

"Ұлттық жобаға сәйкес, 2024–2025 жылдары Еңбекшіқазақ ауданында 16 800 орындық 10 мектеп пайдалануға беріледі. Алайда бұл тізімде Азат ауылы жоқ”, – делінген министрлік жауабында.

Сонымен қатар министрлік “Қолайлы мектеп” ұлттық жобасы мен Инфрақұрылымды қолдау қоры арқылы қаржыландыру мүмкін екенін атап өткен.

“Алматы облысының әкімдігі қажет құжаттарды ұсынған жағдайда, Азат ауылында мектеп салуды Қор есебінен қарастыруға болады”, – деп көрсетілген.

Яғни жауапта нақты мерзім де, нақты шешім де жоқ.

Аудандық білім бөлімінің жауабы

Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімі де ата-аналарға жауап берген. Бұл жауапта мектептің жағдайы “қанағаттанарлық” деп бағаланған.

“Азат негізгі орта мектебі апатты деп танылмаған, жағдайы қанағаттанарлық”, – делінген ресми хатта.

Сонымен бірге ата-аналарға балаларын басқа мектепке ауыстыру құқығы бар екені ескертілген.

“Заңға сәйкес, ата-аналар баланы басқа білім беру ұйымына ауыстыру туралы шешімді өздері қабылдай алады”, – деп жазылған.

Алайда бұл жауап та ата-аналар көтерген негізгі мәселені – суық, ескі және қауіпті ғимаратта оқу проблемасын шешпейді.

Ата-аналардың ұжымдық хаты, министрлік пен аудандық білім бөлімінің жауаптары бұл мәселенің жылдар бойы созылып келе жатқанын және нақты шешім қабылданбағанын анық көрсетеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove