Алматы облысы сәуірдің 15-нен бастап карантинге жабылады

Dalanews 14 сәу. 2020 10:07 737

Алматы облыс аумағында 15 сәуірден бастап карантин енгізіледі.  Өңірдің бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетов тиісті қаулыға қол қойды. 

Қаулыға сәйкес облыс аумағына өзге елдерден оралған Алматы облысының тұрғындарынан басқа, сол сияқты жүк тасушы адамдар мен көліктерден, соның ішінде транзиттік көліктерден басқа өзге өңірдің адамдары мен көліктеріне кіруге тыйым салынады.

Ал Алматы облысының басқа өңірлерге шығып кеткен тұрғындары облыс аумағына 15 сәуір күнгі сағат 00.00-ге дейін қайтып келе алады.   


Карантин енгізілуіне байланысты аудан, қалаларға кіру-шығуға, сол сияқты елді мекендердің ішіндегі қозғалыстарға тыйым салынады. Бұл ретте  тұрғындарға медициналық ұйымдарға, жақын жердегі дүкендер мен дәріханаға күніне бір рет қана шығуға рұқсат. Бірінші кезектегі қажет тауарларды, азық-түліктерді, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды, қорғану және гигиеналық құралдарды, жанар-жағармай материалдарын, көлік құралдарының қосалқы бөлшектерін, өндірістік құралдарды және т.б. тасымалдайтын адамдар мен көліктерге тапсырыстың бар екенін айғақтайтын құжаттары болған жағдайда рұқсат етіледі.

Карантин кезінде жұмыс істейтін ұйымдардың адамдары мен көліктеріне, қызметкерлерді тасымалдаушы адамдар мен көліктерге  шектеудің қатысы жоқ.

Дегенмен жеңіл көлікте 3 адамнан артық отырмауы керек, автобустар салондарының адам толтыруы 40 %-дан аспауы қажет, жолаушылар жеке-жеке отыруы керек, яғни жолаушылардың ара қашықтығы 1 метрден кем болмауы тиіс.


Ресми бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің қолында редакциялық тапсырмасы болған жағдайда, құрылыс және жол жөндеу мекемелері қызметкерлерінің, мемлекеттік нысандар құрылысына тартылған қажетті мамандардың, сол сияқты арнайы инкассаторлық қызмет мамандары мен көліктерінің тиісті белгілері мен рұқсат құжаттары болған жағдайда шектеу қойылмайды.

Ал, медициналық ұйымдардың қызметі, стоматологиялық мекемелер, ветеринарлық қызметтер, соның ішінде ветеринарлық және мал шаруашылығының жедел жәрдем қызметі; зертхананың барлық түрі; супермаркеттер, азық-түлік дүкендері, соның ішінде сауда-ойын-сауық орталықтарының ішіндегі азық-түлік сататын дүкендер, көп қабатты тұрғын үйлер; дәріханалар, сол қатарда ветеринарлық дәріханалар қызметі уақытша тоқтатуға жатпайды.

Облыстағы коммуналдық қызметтер мен инфрақұрылымдар, электроэнергетикалық компаниялар, телекоммуникация мен байланыс қызметі, коммуникация мен техникалық қолдау жүйелерін басқару орталығының жұмысшылары жұмысын жалғастырады.

Курьерлік жеткізу нысандары да қызмет көрсетеді. Елді мекеннен тыс жерлердегі жанар-жағармай және газ толтыру стансалары қалыпты режимде, ал олардың елді мекен ішіндегілері сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс жасайды.

Азық-түліктік емес тауарлар, соның ішінде бірінші кезектегі қажетті тауарлар, құрылыс материалдары мен тұрмыстық химия сататын нысандар жеткізу ұйымдастырылған жағдайда жұмыс істей алады.

Рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімінде жоқ салалардың ұйымдары мен кәсіпорындары осы қаулы күшінде болатын уақыт аралығында қалыпты режимдегі жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Олар өз жұмысын қашықтан істеу режимінде, соның ішінде онлайн режимде жалғастыра алады.  Шектеу енгізілген уақыттарда жұмыс істейтін нысандардың барлығы да санитарлық және дезинфекциялық режим талаптарын қатаң сақтауға тиіс.

Алматы облысы аумағында карантин енгізу туралы қаулы 2020 жылғы 14 сәуірден 15-іне қараған түнде сағат 00.00-де күшіне енеді.

 Анар САБЫРОВА




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар